Жаңалықтар

Коммуналдық қызметтерді төлеу өзгереді: «Smart Turmys» 2026 жылы іске қосылады

Коммуналдық қызметтерді төлеу өзгереді: «Smart Turmys» 2026 жылы іске қосылады

Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыру аясында «Smart Turmys» атты бірыңғай цифрлық платформа іске қосылады. Жүйені пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова Үкіметтің жыл қорытындысына арналған баспасөз конференциясында мәлімдеді. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде жүзеге асырылып отыр.

 

«Smart Turmys» платформасы су, жылу, электр энергиясы, газбен жабдықтау және тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметтерін бір терезе қағидаты бойынша біріктіреді. Бұл тұрғындардың коммуналдық қызметтермен өзара байланысын жеңілдетіп, түрлі мекемелерге жүгіну қажеттілігін азайтуға бағытталған.

 

Вице-министрдің айтуынша, жоба формалды цифрландырумен шектелмей, процестерді толық қайта қарау (реинжиниринг) арқылы іске асырылған.

 

«Біз цифрландыруды көзбояушылық үшін емес, нақты нәтиже беруі үшін жүргіздік. Жүйені іске қосу 2026 жылға жоспарланған. Бұл есептеулердің ашықтығын қамтамасыз етіп, тұтынушылар үшін қолайлы жағдай жасайды», — деді Жәннат Дүбірова.

 

Жаңа платформа арқылы азаматтар коммуналдық қызметтерді онлайн бақылап, төлемдер мен есептеулердің айқындығына қол жеткізе алады. Сонымен қатар, өтініш беру, шағым жолдау және көрсетілген қызметтердің сапасын қадағалау мүмкіндігі де қарастырылмақ.

Барлық жаңалық