Қоғам

Колония-қоныстардағы сотталғандарға смартфон қолдануға рұқсат берілуі мүмкін

Колония-қоныстардағы сотталғандарға смартфон қолдануға рұқсат берілуі мүмкін

Қазақстан Ішкі істер министрлігі колония-қоныстарда жазасын өтеп жатқан кейбір сотталғандарға смартфон пайдалануға рұқсат беруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар ведомство резонанстық қылмыстық істер бойынша тергеуді жалғастырып, сталкингке қатысты істер санының артқанын тіркеген. Бұл туралы Мәжілісте өткен брифингте ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жаңа ереже тек мекеме аумағынан тыс жерде жұмыс істейтін сотталғандарға қатысты болады.

— Смартфондарды тек колония-қоныстарда жазасын өтеп жатқан және мекеме сыртында еңбек ететін азаматтар пайдалана алады. Мысалы, олар құрылыс нысандарында жұмыс істеп жүргенде мекеме өкілдерімен байланыста болуы үшін телефон қолданады. Телефондарды заңсыз пайдалану қатаң бақылауда болады, — деді ол.

Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 11 наурызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған. Сондай-ақ, тәртібі жақсы сотталғандарға «тыныш уақыт» енгізу және арнайы терминалдар арқылы кездесуге немесе қалаға шығуға өтініш беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылған. ІІМ бұл шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады деп есептейді.

Әділов Астанадағы тұрғын үй кешенінің қасбеті құлап, фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза тапқан оқиға бойынша тергеуге де тоқталды.

— Ай соңына дейін кешенді сот-құрылыс сараптамасының қорытындысы дайын болады деп күтілуде. Сол нәтижелерге сүйене отырып, кімнің күдікті ретінде танылатыны және қандай тергеу әрекеттері жүргізілетіні анықталады, — деді ол.

Ал Атырау облысында адамға қасақана ВИЧ жұқтыру фактісі бойынша тергеу жалғасып жатыр.

— Күдікті деп танылған азамат сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Қазір тергеу-жедел шаралары жүргізіліп, басқа тұлғалардың қатысы бар-жоқтығы анықталуда, — деді министрдің орынбасары.

Бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты іс күдіктілердің іздеуде болуына байланысты уақытша тоқтатылған.

— Бұл іс бойынша тергеу күдіктілердің іздестірілуіне байланысты уақытша тоқтатылды. Қазіргі таңда Ресей тарапымен белсенді хат алмасу жүргізілуде. Басқа елдермен өзара іс-қимыл жасау — Бас прокуратураның құзыретінде, — деді Санжар Әділов.

Сондай-ақ ІІМ Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмағанмен байланысқа қатысты күдіктіні босатып жіберген полиция қызметкерлерінің әрекетін де бақылауда ұстап отырғанын айтты.

— Қызметтік тексеріс нәтижесіне қарай полиция қызметкерлері жауапкершілікке тартылады. Біз қылмыстық істі тоқтату туралы шешімді жоюды ұсындық, бұл ұсынысты облыстық прокуратура қолдады, — деді ол.

Сонымен бірге ведомство сталкингке қатысты жаңа баптың алғашқы нәтижелерін жариялады.

— Қылмыстық кодекстегі жаңа нормалар жұмыс істей бастады. Сталкинг туралы бап 2025 жылғы 16 қыркүйекте күшіне енді. Содан бері соттарға 36 қылмыстық іс жолданды, — деді Әділов.

Бұл құқық бұзушылық үшін айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.

Барлық жаңалық