Күн ысып, қала қызған сайын темір тұлпардың да ыстығына төзімді болуы маңызды. Жазғы демалыс, ұзақ жол мен саяхат басталарда көлігіңіздің техникалық жағдайын бір шолып шыққан дұрыс. Себебі 40 градустық аптапта сынып қалған көлік көңіліңізді түсіреді. Сонымен, көлігіңіз жазғы ыстыққа дайын ба? Төменде мамандар ұсынған қарапайым кеңестер бар, деп жазады Ozgeris.info.
Шиналар – ең бірінші қауіпсіздік
Жолмен жанасатын жалғыз нәрсе – шина. Сондықтан оның жай-күйіне бейжай қарауға болмайды. Жазда ауа қызған сайын шина ішіндегі қысым да көтеріледі. Сондықтан өндіруші ұсынған шегінен асырмай, тұрақты тексеріп тұрыңыз. Ал протектор тереңдігі жеткілікті болмаса, жаңбырлы күні жол тайғақ боп, апатқа ұрындыруы мүмкін.Сұйықтықтардың бәрін бір қарап шығыңыз
• Антифриз (салқындатқыш сұйықтық): Жазда мотор бұрынғыдан көбірек қызып, тоқтап қалуы мүмкін. Антифриз деңгейі төмен болмасын. Егер түсі өзгергенін байқасаңыз, ауыстыру керек. • Тежегіш сұйықтығы: Бұл сұйықтық азайса, тежегіштің жұмысы әлсірейді. Аптапта бұл – қауіпті комбинация. • Рульдік сұйықтық: Басқару жеңіл болуы үшін, деңгейін қадағалаңыз. • Терезе жуғыш: Алда-жалда кенеттен жаңбыр жауса, не шаң-тозаңға тап болсаңыз, алдыңыз көрінбей қалмауы үшін жуғыш сұйық толып тұрғаны дұрыс.
Кондиционер істеп тұр ма?
Салонға кіріп, ыстық пешке түскендей болмау үшін кондиционердің жұмысын алдын ала тексеріп алыңыз. Салқын ауа шықпаса немесе әлсіз шықса, жүйені тазалап, қажет болса фреон құйдыру керек. Кондиционер жұмыс істемейтін көлік жазда азап емес пе?Әйнек сыпырғыштар мен жарық шамдар
Құрғақ мезгіл болса да, шаң, жаңбыр және маса секілді «жол жаулары» жолды көруге кедергі келтіруі мүмкін. Әйнек сыпырғыштар сызық қалдырса немесе сықырлап тұрса, ауыстырыңыз. Ал фаралар мен артқы шамдардың бәрі түгел жана ма – тексеріп шығыңыз.Тежегіш жүйесін ұмытпаңыз
Жазда асфальт та, диск те, колодка да қызып тұрады. Егер тежегіш жүйесі әлсіз болса, ұзақ сапарда қызып кетіп, істен шығуы әбден мүмкін. Уақытылы тексертіп, қажет болса, ауыстырыңыз.Көлікте қалдыруға болмайтын заттар
Күннің астында қалған көліктің іші кәдімгі пешке айналады. Сондықтан ішіне қауіп тудыратын ештеңе қалдырмаңыз: • Газдалған сусындар мен аэрозоль баллондар: Жарылып кетуі мүмкін. • Оттық: Газ қысымы көтеріліп, от шығуы ықтимал. • Дәрі-дәрмек: Қасиетін жоғалтады, тіпті зиянды болуы мүмкін. • Электроника (телефон, ноутбук, планшет): Қызудан батарея жарылуы мүмкін. Өзіңізбен бірге алып жүріңіз.