Қоғам

Көкпардан теңдессіз чемпион: «Әулиеата» командасы Талдықорғанда тарих жазды

Көкпардан теңдессіз чемпион: «Әулиеата» командасы Талдықорғанда тарих жазды

Талдықорған қаласы мамыр айының алғашқы күндерінен бастап ересектер арасындағы көкпардан ел чемпионатының орталығына айналды. Тоғыз күнге созылған бұл айтулы додада еліміздің әр қиырынан келген 19 команда бақ сынады. Әр өңірдің ең мықты шабандоздары жиналған бұл додада жеңіске деген құлшыныс пен нағыз ерлерге тән бәсеке байқалды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Жамбыл облысының намысын қорғайтын «Әулиеата» ұжымы алғашқы айналымнан бастап тамаша ойын өрнегін көрсетті. Топтық кезеңде қарсылас шақ келтірмеген олар жартылай финалда Алматы облысының құрамасымен кездесті. Бұл тартысты бәсеке 2:1 есебімен жамбылдықтардың пайдасына шешіліп, оларға ақтық сынға жолдама берді.

Шешуші кезеңде «Әулиеата» көкпаршылары Шымкент қаласының командасымен бетпе-бет келді. Финалдық кездесуде жамбылдық спортшылардың мерейі үстем болып, қарсыластарын 6:0 есебімен ойсырата жеңді. Осылайша Жамбыл облысының өкілдері Қазақстан чемпионатының алтын тұғырына көтерілді.

Бұл табыс «Әулиеата» командасының өз тарихындағы 16-шы чемпиондық атағы ретінде тіркелді. Отандық спорт шежіресінде өзіндік қолтаңбасы бар ұжым биылғы біріншілікте де мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп шықты. Ұлттық ойынның абыройын асқақтатқан бұл жеңіс жамбылдық жанкүйерлер үшін үлкен мақтанышқа айналды.

Барлық жаңалық