Медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйесі 1 шілдеге дейін Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне интеграциялануы керек. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында осындай тапсырма берді.
- Мемлекет басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы Үкіметтің шешімін қолдады. Тиісті тексерулер басталып кетті. Кінәлі адамдар жауапқа тартылады. Медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйесі осы жылдың 1 шілдесіне дейін Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне интеграциялануға тиіс. Бұл қаражатты пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді, - деді ол.
Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі Ұлттық құрылтайда Үкіметке берген тапсырмалары тиісті деңгейде орындалуын тікелей өзі бақылайтынын ескертті.
- Әріптестер, Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары елімізді ауқымды жаңғыртудың бірыңғай ұзақмерзімді стратегиясымен үндесіп жатыр. Оларды жүзеге асыру барлық құрылымдардың нақты әрі үйлесімді жұмысына байланысты, - деді Үкімет басшысы.