Ұлытауда азаматтық некедегі күйеуін өлтірді деп айыпталған әйел тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлытау облысында И.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі – адам өлтіру бойынша айып тағылған.
Сотта И. 2025 жылдың тамызында алкогольдік мас күйдегі жұбайымен өзара жанжал барысында ас үй пышағымен оның кеуде тұсына бір рет соққы жасағаны анықталған. Алған жарақаты салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмған.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және істегі өзге де заттай дәлелдемелермен дәлелденді.
Прокурор сотталушыға 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінішін білдірді, жәбірленушіден кешірім сұрап, жазаны жеңілдетуді сұрады.
Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша көзделген қылмыстық құқық бұзушылық аса ауыр қылмыстар санатына жатады және ондай қылмыс жасағаны үшін 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бұл жағдайда әйелдің кінәні мойындауы және шын жүректен өкінуі жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды.
Істің мән-жайын ескере отырып, сот үкімімен И.-ға 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.