Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ботагөз Омарова бұған дейін «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС және оның басшылығына қатысты жариялаған ақпаратының шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, ресми түрде теріске шығарды. Журналист компания өкілдерінен және өз оқырмандарынан кешірім сұрады деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Биылғы жылдың 20 ақпаны мен 7 наурызы аралығында журналист өзінің Instagram желісіндегі 101tv.kz парақшасында және «Айтпа, Ботагөз» Telegram-каналында бірнеше материал жариялаған. Ол жазбаларда «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС Астана қаласындағы ат спорты кешенінің құрылысына тартылған «Ремстрой-1» ЖШС жұмысшыларына ақша төлемей, қарыз болып отырғаны туралы айтылған болатын.
Кейіннен журналист компания басшылығымен кездесіп, қаржылық есеп-қисап құжаттарымен жеке танысқан. Ресми құжаттар «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС-нің «Ремстрой-1» ЖШС алдында ешқандай берешегі жоқ екенін растаған. Осыдан кейін Ботагөз Омарова ақпараттың толық тексерілмегенін мойындап, арнайы ақпараттық хат жариялады.
«Материалдарды дайындау барысында толық тексерілмеген деректерге сүйеніп, кәсіби қателікке жол бергенімді және шынайылық стандарттарын абайсызда бұзғанымды мойындаймын. Осы жарияланымдардың компания мен оның басшылығының іскерлік беделіне нұқсан келтіргеніне шын жүректен өкініш білдіремін», – делінген журналистің ресми мәлімдемесінде.
Сонымен қатар, Б. Омарова расталмаған ақпарат беріп, қоғамды жаңылыстырғаны үшін өз аудиториясынан кешірім сұрады. Ол бұл оқиғадан үлкен сабақ алғанын айтып, әріптестерін дереккөздер мен фактілерді әрдайым мұқият тексеруге шақырды.