15 тамыз, сағат 08:43-те Астана – Щучинск автожолындағы "Астана" ақы алу пунктіне кіреберісте Toyota Land Cruiser Prado автокөлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші рөлде ұйықтап кеткен. Салдарынан көлік басқарудан шығып, үшінші және төртінші қозғалыс жолақтарының арасындағы жол инфрақұрылымы нысандарына соғылған.
Абырой болғанда, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Жүргізуші көлікте жалғыз болған және медициналық көмектен бас тартқан. Жол-көлік оқиғасына байланысты үшінші және төртінші жолақтардағы қозғалыс уақытша тоқтатылды. Оқиға салдары толық жойылғаннан кейін сағат 11:34-те қозғалыс қайта қалпына келтірілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, соқтығысу салдарынан жол белгісі, жолақтарды бөлетін қорғаныш буфері және бетон блок зақымданған.
"Рөлдегі бірнеше секундтық ұйқы адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Шаршау жүргізушінің зейінін төмендетіп, әрекет ету жылдамдығын бәсеңдетеді. Егер жол үстінде ұйқы қысып, көзіңіз ауырлап немесе назарыңыздың төмендегенін сезсеңіз, межелі жерге "аз қалды" деп тәуекел етпеңіз. Қауіпсіз жерге тоқтап, міндетті түрде тынығып алыңыз. Бүгінгі жағдай көлік пен жол инфрақұрылымының зақымдануымен ғана аяқталды. Ал басқа жағдайда бірнеше секундтық ұйқының салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін", – делінген хабарламада.