Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Жандар Омаров «Дайын алма бақтарын салу» бағдарламасын ақша жымқырудың құралына айналдырған. Бұл қылмыстық схемаға оның тікелей бақылауындағы бірнеше ұйымдар, соның ішінде «Green Mart Kazakhstan» серіктестігі де тартылған көрінеді. Негізінен, мемлекет кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылымы бар жер телімдерін лизингке беріп, бау-бақша шаруашылығын дамытуды көздеген. Алайда, сатып алу жұмыстары бәсекелестіксіз жүргізіліп, құрал-жабдықтар мен материалдардың бағасы әдейі бірнеше есе асыра көрсетілген. Нәтижесінде, бюджет қаржысы ешқандай жұмыс атқарылмаса да, жалған актілер негізінде жеткізушілердің есепшотына аударылып отырған деп хабарлайды ozgeris.info сайты ulysmedia.kz ке сілтеп.
Тергеушілердің есебінше, қор басшысы осы айла-шарғы арқылы мемлекетті 430 миллион теңгеден астам қаржыға алдап соққан. Бірақ заңсыз әрекет мұнымен шектелмейді. Қылмыстық топ ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінетін субсидиялардан да тағы 327 миллион теңгені заңсыз иемденген. Олар бұл мақсатта арнайы ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, бақтарды дамыту мен шығындарды өтеу туралы жалған өтінімдер берген.
Шын мәнінде, мемлекеттен бөлінген миллиондардың тек 20 пайызы ғана нысаналы бағытына жұмсалған. Қалған 250 миллион теңгеден астам қаржы қолма-қол ақшаға айналдырылып, күдіктілердің жеке қажеттіліктеріне жаратылған. Қазіргі таңда бұл іс бойынша құны 1 миллиард теңгеден асатын 108 гектар жер теліміне бұғау қойылды. Ал Жандар Омаров қамауға алынып, сот алдында жауап беруді күтіп отыр.