Қоғам

«Жомарт» кенішінде өндіріс артып, қауіпсіздік шаралары күшейтілуде

«Жомарт» кенішінде өндіріс артып, қауіпсіздік шаралары күшейтілуде

«Жомарт» кенішінде өндіріс қарқыны артып, өнеркәсіптік қауіпсіздік шаралары кезең-кезеңімен күшейтіліп жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info.

Бұл мәлімет «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығының жұмыс сапары барысында белгілі болды. Компанияның өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бакиров кенішке барып, өндірістік және инфрақұрылымдық бағыттағы негізгі мәселелерді талқылады.

Сапар аясында тау-кен-капиталдық, үңгілеу және кен өндіру жұмыстарының орындалу барысы қарастырылды. Соңғы екі айда кен қорын ашу мен дайындау көрсеткіштері оң динамика танытқан. Осы уақыт ішінде шамамен 600 қума метр ашу жұмыстары және 1400-ге жуық дайындау қазбалары жүргізілді. Мамандардың болжамынша, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін дайын қор көлемі едәуір ұлғаяды.

Кеніште қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Аэрогаздық жағдайды бақылауға биыл 925 млн теңге бөлінді. Өзіндік жүретін техникалар метан-реле жүйесімен кезең-кезеңімен жабдықталуда. Бұл құрылғы газ деңгейі нормадан асқан кезде қозғалтқышты автоматты түрде тоқтатады. Қазір бес техника осындай жүйемен қамтамасыз етілген, тағы он бір техникаға орнату жоспарланған.

Сонымен бірге стационарлық газ датчиктері орнатылуда. Қауіпті деңгей тіркелген жағдайда олар энергия жабдықтарын автоматты түрде өшіреді. Қазіргі таңда бес датчик іске қосылып, тағы жетеуі орнатылады.

Кенішті дамытуға бағытталған инвестиция көлемі 2,7 млрд теңгеден асады. Қаражат №3 желдету оқпанын тереңдетуге жұмсалады. Жоба шеңберінде оқпанды арқаулау және негізгі желдету қондырғысын іске қосу көзделген.

Бұдан бөлек, №1 және №2 желдету қондырғыларына жүргізілген күрделі жөндеу олардың толық жобалық қуатта жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Нәтижесінде шахтаға қосымша 200 текше метрге дейін таза ауа жеткізу қамтамасыз етілді.

Желдету жүйесін жетілдіру мақсатында диаметрі 2,5 метр болатын екі шурф қазылып, 156 метр тереңдікке дейін ауа беру жолға қойылған. Алдағы кезеңде батыс және шығыс бағыттарда диаметрі 4,5 метр болатын тағы екі шурф қазу жоспарланған. Олар 600 метрге дейінгі тереңдікте тиімді желдетуді қамтамасыз етеді.

 

Сонымен қатар «СоюзГеоМех» ЖШС-мен бірлесіп, мамандарды оқыту және кеніштерде геомеханика саласындағы заманауи стандарттарды енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Барлық жаңалық