Қазақстанда Qajet атты жаңа такси қосымшасы пайда болып, әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бірі оны отандық балама ретінде қолдаса, енді бірі нарықтағы таңдау көбейіп, сервистер арасындағы бәсеке күшейеді деп үміттенеді. Жуырда ірі такси қосымшаларының жұмысында болған іркілістер де мұндай қызметтердің күнделікті өмірдегі маңызын көрсетті. Сондықтан Qajet-тің пайда болуы — жаңа өнімге қызығушылықпен қатар, жергілікті нарықтың сұранысына жауап беретін мүмкіндік. Алайда аталмыш қосымшада ақау көп. Бұл туралы Ozgeris.info сайты жазады.
Сервистің бастапқы ұсыныстары жолаушылар мен жүргізушілерге бағытталған. Жолаушы сапар құнын алдын ала көріп, төлем тәсілін таңдай алады. Ал жүргізушілерге алғашқы кезеңде комиссиясыз жұмыс істеу ұсынылған. Әлеуметтік желіде жарияланған кейбір салыстыруларда Qajet бағасы өзге қосымшалардан төмен болғаны байқалады. Дегенмен Отандық өнімнің жарнамасы жер жарып тұрса да, көз жұмып қарауға болмайтын кемшін тұстары тым көп. Біткен іске көп сыншының бірі болмай алдымен жақсы жақтарына тоқталуды жөн көрдік.
Жолаушылардың алғашқы алдамшы әсері қандай болды?
Threads желісіндегі алғашқы жазбалардан Qajet қосымшасы қолданушылардың көңілінен бастапқыда шыққанын байқауға болады. Желі қолданушысы Төле би көшесінен Есентайға дейінгі сапар 1 000 теңге болғанын жазып, тапсырысы 30 секундта қабылданғанын хабарлаған. Оның айтуынша, бұл өзі мен жүргізушінің қосымша арқылы жасаған алғашқы сапары болған.

Тағы бір қолданушы Qajet-тегі тарифтерді көрсететін скриншот жариялап, жай такси бағасы 860 теңге, жайлы такси 1 070 теңге болғанын бөліскен. Ол басқа жазбасында «Яндексті өшірдік ал!» деп, жаңа сервисті таңдағанын білдірген. Ал _zhanuzaq есімді қолданушы Qajet-ті отандық өнім ретінде қолдап, «Өзімдікі, өндірістікі. Бұл жерде қалағаныңды жазасың. Музыка да тыңдайсың, таксиі де бар», – деп пікір қалдырған. Басқа бір қолданушы қосымшадағы айырмашылыққа таңданысын білдіріп, бірнеше қолдау белгісін қалдырған.

Бұл жазбалар — жеке қолданушылардың тәжірибесі, бүкіл нарыққа ортақ нәтиже емес. Дегенмен олар Qajet-ке деген бастапқы қызығушылықты және пайдаланушылардың қандай артықшылықтарды байқағанын көрсетеді: қолжетімді баға, тапсырыстың жылдам қабылдануы және отандық сервисті қолдау.
Жолаушыларды жолда қалдырған қосымшаның кемшілігі қандай?
Өкініштісі жоғарыда келтірілген жақсы пікірлер бұл қосымшаға берілген алғашқы және соңғы оң баға болды. Қазақстандық Qajet сервисі нарыққа қолжетімді баға мен отандық балама болу идеясын ұсынып шыққанымен пайдаланушылардың тәжірибесі қосымшаның ең маңызды қызметінде — жолаушыға көлік тауып беруде мәселе барын аңғартады.
Такси шақырған адамға экрандағы әдемі тарифтің пайдасы аз. Маңыздысы — тапсырыстың қабылдануы және көліктің айтылған уақытта келуі. Ал әлеуметтік желідегі пікірлерде Qajet-тен көлік таба алмай, ұзақ күткен немесе соңында басқа сервиске жүгінген пайдаланушылар бар. Кейбірі мұндай жағдай күннің әр уақытында қайталанатынын жазады.

Бұл жерде мәселе бір-екі минут кешігуде ғана емес. Қосымша көлік іздеп жатқанда, жолаушы өз уақытын жоспарлай алмайды: күте бере ме, әлде басқа сервистен такси шақыра ма? Қосымшада көрсетілген уақытқа сенім болмаса, арзан тарифтің өзі пайдаланушыны ұстап қала алмайды. Өйткені такси қызметінің негізгі міндеті — бағаны көрсету емес, көлікті жеткізу.


Qajet кей бағытта бәсекелестерден арзан болуы мүмкін. Бірақ желі қолданушылары жариялаған салыстырулар бағаның әрдайым төмен бола бермейтінін де көрсетеді. Ал қолжетімді тариф бойынша көлік табылмаса, оның артықшылығы қағаз жүзінде ғана қалады. Жолаушы үшін «арзан, бірақ көлік жоқ» деген ұсыныс — толыққанды қызмет емес.
Жаңа сервистің бастапқы кезеңінде көлік санының аз болуы немесе техникалық қиындықтардың туындауы түсінікті. Бірақ бұл пайдаланушы үшін қолайсыздықты жоймайды. Компания қосымшаны көпшілікке ұсынған соң, оның тұрақты жұмыс істеуіне және көлік қолжетімділігіне жауап беруі керек. Әйтпесе алғашқы әсер «жаңа отандық сервис» деген үміттен гөрі, «тағы да күту керек» деген көңіл күй қалыптастырады.


Qajet-тің қателіктері мұнымен біткен жоқ...
Сұрақтар тек көлік іздеумен де шектелмейді. Кей деректерде Отандық қосымшада жүргізушілерге арналған шарттар мен құпиялылық саясатының анықтығы, құжаттарды тексеру тәртібі, деректерді қорғау және қолдау қызметінің байланыс нөмірлері туралы мәселе көтерілген. Жалған не жарамсыз құжаттарды жүйеге жүктеуге мүмкіндік болғаны айтылғанымен, бұл олардың тексеруден өтіп, жұмысқа қабылданғанын дәлелдемейді. Дегенмен жүргізушілердің құжаттары қалай тексерілетіні жөнінде компания нақты ақпарат беруі қажет.
Отандық бренд болу — өз алдына артықшылық. Бірақ бұл мәртебе қызмет сапасына қойылатын талапты алмастырмайды. Пайдаланушы үшін сервистің қай елдікі екенінен бұрын, көліктің табылуы, уақыттың дұрыс көрсетілуі, жүргізушілердің тексерілуі және қолдау қызметінің қолжетімді болуы маңызды.
Qajet-тің нарықта орнығуы жарнамалық уәделерге немесе төмен тарифке ғана байланысты емес. Қазір сервистің алдында нақты міндет тұр: жолаушыны ұзақ күттірмей, шақырған көлікті жеткізу және қосымшадағы ақпаратқа сенім қалыптастыру. Осы мәселелер шешілмейінше, Qajet-тің басты артықшылығы ретінде айтылып жүрген қолжетімді баға пайдаланушыларды тұрақты клиентке айналдыруға жеткіліксіз. Онсызда қауіпсіздігі мен жеке дерегі үшін қорқып, уақытын бағалайтын тұтынушыларды бұл қосымша да қанағаттандырмай отыр.