Қазақстанда тіл үйрену үшін жасанды интеллектіге жүгінетін адамдар көбейіп келеді. Нейрожелілер адамның деңгейіне бейімделіп, сөйлеуді жаттықтыруға, қателерді түсіндіруге және тілді күнделікті қолдануға көмектеседі. Репетитордың орнына қолдануға болатын бірнеше тиімді AI-сервис бар, деп жазады Ozgeris.info Finratings.kz-ке сілтеме жасап.
Кейінгі жылдары жасанды интеллект технологиялары адамдардың күнделікті өміріне белсенді ене бастады. Олар тек жұмыс пен білім беру саласында ғана емес, мемлекеттік қызметтер мен қаржы жүйесінде де қолданылып келеді. Ал тіл үйрену бағытында нейрожелілер ерекше танымал бола бастады. Себебі мұндай сервистер тәулік бойы жұмыс істейді, шаршамайды және адамның деңгейіне қарай жеке бағдарлама ұсына алады.
Бүгінде тіл үйренуге арналған көптеген платформалар бар. Олардың көмегімен адам жаңа сөздерді жаттап қана қоймай, шынайы диалог жүргізуді, дұрыс айтылымды және сөйлеу еркіндігін дамыта алады. Мұндай сервистер әсіресе шет тілін өз бетінше үйренгісі келетін адамдарға пайдалы.
ChatGPT
Бұл – сервис тіл үйренуге арналған ең танымал нейрожелілердің бірі. ChatGPT арқылы пайдаланушы кез-келген деңгейде диалог жүргізе алады. Бағдарлама сөйлемдегі қателерді талдап, түсіндіреді, мәтінді ана тілінде сөйлейтін адам сияқты қайта құрастырып береді. Сонымен қатар емтихан немесе жұмыс сұхбаты сияқты жағдайларды модельдеуге болады. Сервис браузер арқылы қолжетімді, сондай-ақ оны App Store мен Google Play арқылы жүктеуге болады.
Talkpal
Talkpal – жасанды интеллектпен сөйлесуге арналған арнайы қосымша. Мұнда пайдаланушы AI-сұхбаттасушымен түрлі тақырыпта әңгіме жүргізе алады. Бағдарлама адамның айтқан сөзін талдап, дұрыс нұсқасын көрсетеді және сөйлеуді автоматты түрде түзетеді. Сонымен қатар күнделікті өмірдегі түрлі жағдайларға арналған дайын сценарийлер бар. Қосымшаны App Store мен Google Play арқылы жүктеуге болады.
Praktika
Praktika – тіл үйренуді ойын форматында жүргізетін сервис. Бұл платформада пайдаланушылар AI-аватарлармен сөйлесіп, сөйлеу машығын дамыта алады. Бағдарлама әсіресе күнделікті тұрмыста немесе жұмыс барысында қолданылатын диалогтарды үйренуге көмектеседі. Сонымен қатар дұрыс айтылымды жаттықтыруға арналған жаттығулар бар. Қосымша App Store мен Google Play-де қолжетімді.

ELSA Speak
ELSA Speak негізінен дұрыс айтылымды дамытуға арналған. Бұл сервис адамның сөйлеуін микрофон арқылы тыңдап, дыбыстарды талдайды. Осы арқылы пайдаланушының акцентін анықтап, оны түзетуге арналған жеке кеңестер береді. Бағдарлама әр дыбысты дұрыс айтуға көмектесетін жаттығулар ұсынады. Қосымшаны App Store мен Google Play арқылы жүктеуге болады.
DeepL
DeepL – аударма жасауға арналған нейрожелі. Бірақ оның мүмкіндігі тек сөздерді аударумен шектелмейді. Сервис мәтінді толық контекстімен аударып, әртүрлі сөйлем нұсқаларын салыстыруға мүмкіндік береді. Осы арқылы пайдаланушылар тілдің стилін, сөйлем құрылымын және мағыналық ерекшеліктерін жақсы түсінеді. DeepL браузер арқылы жұмыс істейді, сондай-ақ iOS, Android және компьютерге арналған нұсқалары бар.
Gliglish
Gliglish – сөйлеу машығын дамытуға бағытталған платформа. Мұнда пайдаланушы жасанды интеллект дауысымен сөйлесіп, бірден кері байланыс алады. Сервис сөйлеудің жылдамдығын арттыруға және сөздерді еркін айтуға көмектеседі. Бағдарлама браузер арқылы жұмыс істейді, сондықтан оны пайдалану үшін микрофон мен құлаққап қажет.
Speak AI
Speak AI – еркін диалог жүргізуге арналған сервис. Пайдаланушылар AI-мен сөйлесіп, өз қателерін автоматты түрде талдай алады. Бұл платформа адамның сөйлеу сенімділігін арттырып, күнделікті тілдік тәжірибені көбейтуге көмектеседі. Speak AI веб-нұсқа ретінде де, мобильді қосымша ретінде де қолжетімді.
YouGlish
YouGlish – сөздердің нақты өмірде қалай айтылатынын көрсететін ерекше сервис. Пайдаланушы белгілі бір сөзді немесе сөйлемді енгізеді, ал жүйе оны түрлі видеолардан көрсетеді. Осылайша адам сөздің айтылуын ғана емес, оның нақты контекстте қалай қолданылатынын да түсінеді. Сервис браузер арқылы жұмыс істейді.
Тіл үйренудің маңызы қазіргі еңбек нарығында бұрынғыдан да арта түсті. Бүгінде шет тілдерін білу – жай ғана артықшылық емес, көбіне жұмысқа орналасу кезінде маңызды талаптардың бірі саналады. Ал жасанды интеллект бұл процесті әлдеқайда қолжетімді етеді.
Мысалы, Қазақстанда ағылшын тілінен репетитордың бір сабағы орта есеппен 4-10 мың теңге тұрады. Сабақтың ұзақтығы әдетте 45-60 минут болады. Егер адам аптасына 2-3 рет сабақ алса, бұл ай сайын айтарлықтай шығынға айналады. Мұндай шығынды барлық оқушы немесе студент көтере бермейді.
Ал нейрожелі платформалары көбіне тегін немесе арзан жазылым арқылы жұмыс істейді. Сондықтан олар тіл үйренудің қолжетімді әрі тиімді құралына айналып келеді. Сонымен қатар мұндай сервистер адамның өз қарқынымен үйренуіне мүмкіндік береді: пайдаланушы кез келген уақытта жаттығып, өз деңгейіне қарай тапсырмалар орындай алады.