Жаңалықтар

Жетісудағы ерекше ауыл: Тұрғындар ішімдіктен бас тартып қылмысты түбімен жойды

Жетісудағы ерекше ауыл: Тұрғындар ішімдіктен бас тартып қылмысты түбімен жойды

Жетісу облысы Ескелді ауданына қарасты Жаңалық ауылы нағыз тыныштық пен берекенің мекеніне айналды. Мұнда соңғы бес жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Мұндай ғажап көрсеткіштің басты сыры қарапайым. Бес жүзге жуық тұрғыны бар елдімекен жұртшылығы осыдан бес жыл бұрын алкоголь өнімдерінен үзілді-кесілді бас тартқан, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Игі бастамаға жергілікті ақсақалдар мен қарапайым бұқара ұйытқы болды. Көпшіліктің ортақ келісімімен қабылданған бұл шешім тамаша нәтиже берді. Қазіргі таңда Жаңалық қоғамдық тәртіп пен татулықтың жарқын үлгісі саналады.

Бұл жетістікке учаскелік полиция инспекторының да қосқан үлесі зор. Тәртіп сақшысы тұрғындармен етене араласып қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолында үздіксіз еңбек етіп келеді.

Жалпы облыс аумағында ішімдіктен іргесін аулақ салған отыз елдімекен бар. Жаңалық ауылы да осы тізімнің бел ортасында тұр. Ең бастысы бұл мекен ұлттық құндылықтарға сүйенген ауызбіршілік пен биік жауапкершіліктің арқасында қауіпсіз қоғам құруға болатынын айқын дәлелдеп отыр.

Барлық жаңалық