Қоғам

Жеңгетайлықпен сотталған блогер Айка түрмеге қайта оралмауы мүмкін

Жеңгетайлықпен сотталған блогер Айка түрмеге қайта оралмауы мүмкін

Жеңгетайлық пен есірткі ісі бойынша 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, кейін бостандыққа шыққан блогер Айғаным Мырзахметованың жазасы толық кешірілуі мүмкін, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Алматыда элиталық эскорт желісін ұйымдастырды деп айыпталған Айка лақап атымен танымал блогер 2025 жылдың қараша айында кішкентай баласы болуына байланысты түрмеден уақытша босатылған. Ол 2024 жылдың 21 мамырында Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының үкімімен жеңгетайлық жасады және аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды сақтады деген айыппен сотталған болатын.

Алайда 2025 жылдың қыркүйегінде Қылмыстық кодекстің 74 бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес сот оған жазасын өтеуді 2 жылға кейінге қалдыруға рұқсат берді. Қазіргі уақытта әйел 2 жыл бойы пробациялық бақылауда болады.

Оның түрмеге қайта оралуы қоғамда түрлі сұрақ тудырды. Бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Саденов мерзім аяқталған соң жаза жалғасатынын мәлімдеген еді.

Бірақ Ішкі істер министрлігінің ресми жауабында бұл мәселені сот шешетіні белгілі болды.

«Мерзім аяқталғаннан кейін жазаның түрін өзгерту сот органдарының құзыретіне жатады. Сот оның тәртібі мен қойылған талаптарды сақтауын ескере отырып үкімнің одан әрі орындалуы туралы шешім қабылдайды», – деп хабарлады ведомство.

Егер сотталған адам пробациялық бақылау талаптарын бұзса жауапты қызмет оны қайтадан колонияға қайтару туралы сотқа ұсыныс түсіре алады. Ал заңгер Абзал Қасымжановтың сөзінше мерзімнің аяқталуы автоматты түрде түрмеге қайтуды білдірмейді. Бұл гуманистік норма баланың мүддесі үшін адамға қоғамға бейімделуге мүмкіндік беруді көздейді.

«Сотталған адам барлық шартты сақтаған жағдайда сот оны одан әрі жазасын өтеуден босата алады немесе жазаны неғұрлым жеңіл түріне ауыстыра алады», – деді адвокат.

Оның айтуынша мұндай мүмкіндік қоғамға аса қауіп төндірмейтін адамдарға беріледі. Заңға сәйкес жазаны кейінге қалдыру кішкентай балалары бар әйелдер мен жалғызбасты әкелерге бала 14 жасқа толғанға дейін 5 жылға дейінгі мерзімге берілуі мүмкін.

Алайда ауыр қылмыстар мен терроризм немесе кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс жасап 5 жылдан астам мерзімге сотталғандар бұл жеңілдікке ілінбейді.

Егер анасы баласынан бас тартса немесе қоғамдық тәртіпті 2 рет бұзса жеңілдік күшін жояды.

Мерзім біткен соң сот оны толық босатуы немесе жазасын шектеумен ауыстыруы не болмаса қалған уақытын өтеу үшін колонияға жіберуі мүмкін.

Айта кетейік Айка Алматыда бай ер адамдарға интимдік қызмет көрсететін қыздарды тауып желі ұйымдастырғаны үшін 2023 жылдың маусымында ұсталған еді. Ол өзін табысты модель ретінде көрсетіп Instagram желісінде сән салтанатқа толы өмірін 120 мың оқырманға жариялап келген.

Барлық жаңалық