📰 Сарапшылар пікірі

Жеке тұлғалардың банкроттығы қаржылық тығырықтан шығара ма?

Жеке тұлғалардың банкроттығы қаржылық тығырықтан шығара ма?

Тұрмыс болған соң, әр адамның басынан қаржылық қиындық өтеді. Кенеттен жұмыссыз қалу, табыс көзінен айырылу немесе денсаулыққа қатысты күтпеген проблемалар азаматтарды кредиттік міндеттемелерін орындай алмайтын тығырыққа тіреуі мүмкін, деп жазады Ozgeris.info.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сисембаева бұл рәсімнің мән-жайын былай деп түсіндіреді:

«Банкроттық дегеніміз  бұл төлемге қабілетсіз болып қалған азамат үшін борыш жүктемесін азайтудың заңды тетігі. Төлем қабілетсіздігі деп адам өзінің қаржылық міндеттемелерін толық көлемде орындай алмайтын жағдай түсініледі. Қазақстанда оның маңызды өлшемшарты 12 ай ішінде қарызды өтемеу. Бұл банкроттық рәсімін қолданудың негізгі белгілерінің бірі болып табылады. Алайда банкроттық бұл тығырықтан шығудың ең соңғы шарасы екенін түсіну маңызды. Ол қарыздардан құтылуға көмектеседі, алайда оның салдары да бар. Банкроттық жаңа кредиттер алуға шектеулер мен кредиттік тарихтың нашарлауына әкеледі. Оған бармас бұрын баламаларды қарастыру керек: кредитті қайта құрылымдау, төлемдерді кейінге қалдыру немесе банкпен немесе микроқаржы ұйымдарымен келіссөздер жүргізу қажет. Көптеген қаржы ұйымдары бүгінде қарыз алушылармен ымыраға келуге және проблемалық кредиттерді реттеудің неғұрлым икемді шарттарын ұсынуға дайын».

 

Қазақстан заңнамасында банкроттықтың екі түрі қарастырылған. Біріншісі – соттан тыс банкроттық. Бұл рәсім барынша жеңілдетілген, бірақ оның нақты талаптары бар. Қарыз сомасы 1600 айлық есептік көрсеткіштен (2026 жылы шамамен 6,9 млн теңгеден) аспауы керек, азаматтың атында мүлкі болмауы тиіс және кредитормен қарызды реттеу әрекеттері жасалуы қажет. Айта кетерлігі, бұл тәсіл тек банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы берешектерге ғана қатысты. Екіншісі – сот арқылы банкроттық. Бұл әдіс қарыздың кез келген түріне және мүлік болған жағдайда қолданылады. Бұған қоса, «төлем қабілеттілігін қалпына келтіру» опциясы бар. Мұнда қарыз есептен шығарылмайды, бірақ адамның табысына қарай оны біртүндеп төлеудің ыңғайлы жоспары бекітіледі.

Рәсімнің өту мерзімі шамамен алты айды қамтиды. Соттан тыс банкроттық үшін тек ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) көрсетіп, жұбайының келісімін алу жеткілікті болса, сот рәсімінде мүлік туралы мәліметтер мен кредиторлар тізімін қамтитын толық құжаттар топтамасы талап етіледі. Алайда, банкроттық барлық қарызды кешіреді деп ойлау – қате түсінік.

«Ешбір жағдайда есептен шығарылмайтын міндеттемелер болады, олар: алименттер, өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залал және бюджетке төленетін, сот шешімі бойынша өндіріп алынатын төлемдер, сондай-ақ қаржы басқарушысының сыйақысы (егер ол төленбеген болса)», деп ескертеді Меруерт Сисембаева.Банкроттық жариялаудың салдары да салмақты. Бұл мәртебені алған адам алдағы бес жыл бойы кредит ала алмайды (ломбардтардағы микрокредиттерді қоспағанда). Сондай-ақ, үш жыл бойы уәкілетті органдардың бақылауында болады және банкроттық туралы ақпарат ашық дереккөздерде жарияланады. Тек жеті жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта өтініш беру құқығы туындайды.

2026 жылдың наурыз айында заңнамаға маңызды өзгерістер енгізілді. Енді ломбардтар соттан тыс банкроттық кезінде кредиторлар қатарынан шығарылды, ал қарызын бес жылдан астам уақыт кешіктіргендер үшін рәсім мерзімі алты айдан бір айға дейін қысқартылды. Бұл шамамен 350 мыңнан астам адамға қаржылық мәселесін тезірек шешуге жол ашады.

Мемлекеттік статистикаға сүйенсек, жүйе іске қосылғаннан бері 378 мыңнан астам өтініш түскен, бірақ олардың 72,8 пайызына бас тартылған. Оның негізгі себебі – азаматтардың атында жасырын мүліктің (мысалы, акциялар) болуы немесе кредитормен алдын ала келісу әрекеттерінің жасалмауы. Дегенмен, қазірдің өзінде 62,5 мыңға жуық азамат ресми түрде банкрот деп танылып, жалпы сомасы 230,9 млрд теңге берешек есептен шығарылды. Бұл тетіктің жұмыс істеп тұрғанын, бірақ барлық заңды шарттарды қатаң сақтауды талап ететінін көрсетеді.

 

Барлық жаңалық