Жазғы демалыс басталысымен көптеген мектеп оқушысы қосымша табыс табудың жолын іздейді. Бірі ата-анасына салмақ салмай, өз қажетіне ақша тапқысы келсе, енді бірі алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға ұмтылады. Биыл мемлекет жасөспірімдердің ресми түрде жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін арнайы жүйені іске қосты. Енді 14 пен 18 жас аралығындағы мектеп оқушылары Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы жазғы бос жұмыс орындарын іздеп, заңды түрде еңбек ете алады, деп жазады Ozgeris.info.
Электрондық еңбек биржасында кәмелетке толмағандарға арналған арнайы бөлім ашылған. Онда жазғы демалыс кезеңіне арналған ресми бос жұмыс орындары жинақталған. Бұл жүйенің басты ерекшелігі – барлық жұмыс міндетті түрде электрондық еңбек шарты арқылы рәсімделеді. Яғни, жасөспірімнің еңбегі заңмен қорғалып, жалақысының төленбей қалу қаупі азаяды.
Еңбек кодексіне сәйкес, мектеп оқушыларының жұмыс уақытына қатаң шектеу қойылған. 14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер аптасына 24 сағаттан артық жұмыс істей алмайды. Ал 16 мен 18 жас аралығындағы оқушылар үшін апталық жұмыс уақыты 36 сағаттан аспауы тиіс.
Сонымен қатар ұсынылатын жұмыс баланың денсаулығына зиян келтірмеуі және оқу процесіне кедергі жасамауы қажет. Әдетте мектеп оқушылары қаланы көгалдандыру, абаттандыру, курьерлік қызмет, балалар лагеріндегі көмекші жұмыстар, қарапайым әкімшілік немесе техникалық қызметтерге тартылады.
14-16 жас аралығындағы жасөспірімдерді жұмысқа орналастыру үшін ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімі міндетті түрде қажет.
Жұмыс іздеу тәртібі де толық цифрландырылған. Оқушы немесе оның ата-анасы Enbek.kz порталына кіріп, жастарға арналған арнайы бөлімді таңдауы керек. Кейін өңір бойынша сүзгіні реттеп, қолайлы бос жұмыс орнын іздей алады. Өтінім беру үшін электрондық цифрлық қолтаңба немесе мобильді азаматтық база арқылы тіркелу жеткілікті.
Биыл еліміздегі барлық мектепте оқу жылы ресми түрде 25 мамырда аяқталады. Одан кейін оқушылар үшін үш айлық жазғы демалыс басталады. Бұл ретте 9-сынып түлектерінің қорытынды емтихандары 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтсе, 11-сынып оқушыларының мемлекеттік емтихандары 2–15 маусымға белгіленген.