Алматы қаласында әлеуметтік желі арқылы мектептерге атыс ұйымдастыру туралы қорқыту сипатындағы жазба жариялаған жасөспірім анықталды. Бұл туралы Оzgeris.info ақпарат порталы хабарлайды.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 10 желтоқсан күні құқық қорғау органдарына білім беру мекемелеріне бағытталған қауіпті мазмұндағы жарияланым жөнінде ақпарат түскен. Белгісіз аккаунтта қару бейнеленген суретпен бірге мектептерге зорлық-зомбылық жасалатынын меңзейтін жазба жарияланған.
Оқиғаға байланысты Алматы қаласы ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел түрде тексеру жұмыстарын бастап, қысқа уақыт ішінде жазбаның авторын анықтады. Ол Наурызбай ауданындағы №207 мектептің 8-сынып оқушысы болып шықты.
Жасөспірім полиция бөліміне жеткізіліп, онымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Құқық қорғау органдары балаға мұндай әрекеттердің қоғам үшін қауіпті екенін және заң алдындағы жауапкершілігін түсіндірді. Ал кәмелетке толмағанның ата-анасы баланы тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алматы қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқарма бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, кез келген қауіп төндіретін ақпарат құқық қорғау органдары тарапынан дереу тоқтатылады.
«Мұндай жазбалар әзіл немесе ойын емес. Олар қоғамда үрей туғызып, төтенше қызметтердің жұмысын қиындатады әрі адамдардың қауіпсіздігіне нақты қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан жасына қарамастан, мұндай әрекетке барғандар міндетті түрде анықталып, жауапкершілікке тартылады», – деді ол.