Қазақстанда әлеуметтік көмек алатын отбасылар санаттарға бөлінеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, жәрдемақылар тек мұқтаж отбасыларға бағытталады. Ал салық төлегені үшін мемлекеттен міндетті түрде әлеуметтік көмек талап ету дұрыс емес. Бұл туралы бірінші вице-министр Ербол Тұяқбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Салық төледім екен деп, маған жәрдемақы беріңдер деу дұрыс емес. Жәрдемақылар тек мұқтаж жандарға ғана бағытталады. Мұқтаждығына байланысты адамдар толық көмекті мемлекеттен алады», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, әлеуметтік көмек алушылардың санатын анықтау кезінде жүйеде қате кетсе, азаматтар egov.kz порталы немесе 1414 байланыс орталығы арқылы мәселені шеше алады. Жүйедегі мәліметтер ай сайын жаңартылып отырады.
Ал декреттік төлемдерге қатысты өзгерістерді министрлік өкілі Ертаев түсіндірді. Оның айтуынша, бала күтіміне байланысты 1,5 жасқа дейінгі төлем сақталады. Дегенмен республикалық бюджеттен берілетін бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы А және В санатындағы отбасыларға тағайындалмайды. Ал С, D және E санатындағы отбасылар бұл төлемді бұрынғыдай ала алады.
Егер анасы бала туғанға дейін жұмыс істемесе, А және В санатындағы отбасылар республикалық бюджеттен біржолғы төлем алмайды. Ал С, D және E санатындағы жұмыс істемеген әйелдерге төлем беріледі.
Министрлік өкілінің сөзінше, С, D және E санатындағы аналар бала 1,5 жасқа толмай жұмысқа шықса да, төлемдерін сақтай алады. Яғни, олар жұмыс пен бала күтімін қатар алып жүре алады.
Декреттік төлемдерге қатысты тағы бір өзгеріс – әкелерге қатысты. Ер адам бала күтімі бойынша демалысқа шыға алады, алайда министрлік өкілінің түсіндіруінше, жәрдемақы ана мен балаға арналған. Ал жұмысқа шыққан аналар бала 1,5 жасқа толғанға дейін төлем алуды жалғастырады. Бұл тәртіп А және В санатындағы отбасыларға қатысты емес.