Атырау облысының полиция департаменті кісі өлтіру ісі бойынша күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның жұбайы Ақбаянның Қазақстан аумағынан шығып кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info ақпарат порталы.
Полицияның ресми дерегіне сәйкес, күдіктілер Қазақстаннан Өзбекстан арқылы шекара асып, кейін басқа мемлекеттердің аумағында да байқалған. Қазіргі таңда Ақбаян із-түзсіз жоғалған адам ретінде тіркеліп, арнайы іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал басты күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев халықаралық іздеуге жарияланып, «қызыл деңгейдегі» тізімге енгізілген.
Бұл мәртебе күдіктіні әлемнің кез келген елінде анықтаған жағдайда, шекарадан өту кезінде, әуе немесе теміржол көлігімен қатынау барысында, сондай-ақ қоғамдық орындарда бірден ұстауға мүмкіндік береді.
Тергеу органдарының мәліметінше, күдіктілердің қазіргі орналасқан жері құқық қорғау органдарына белгілі. Осыған байланысты халықаралық деңгейде бірқатар құқықтық процедуралар жүзеге асырылып жатыр.
«Олардың қайда екенінен хабарымыз бар. Қазір халықаралық құқықтық тетіктер арқылы жұмыс жүргізілуде. Жақын арада күдіктілердің ұсталу ықтималдығы жоғары», – деді полиция өкілдері.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдары Ақбаянның денсаулығында белгілі бір кінәраттар бар екенін растады. Алайда ол заң жүзінде әрекетке қабілетсіз деп танылмаған және бірінші топтағы мүгедектік бойынша сот шешімі шығарылмаған.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Полиция күдіктілерге қатысты жаңа деректер анықталған жағдайда қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.