Бірнеше жылдан бері Apple-дің жасанды интеллект жарысында артта қалып қойғаны жиі айтылып жүр. ChatGPT әлемді шулатып, Google Gemini-ді іске қосып жатқанда, Siri бұрынғыдай қарапайым тапсырмалармен ғана шектелетін. Енді жағдай өзгергелі тұр, деп жазады Ozgeris.info.
Apple жаңа операциялық жүйесін таныстырып, Siri-ді мүлде басқа деңгейге көтерді. Енді ол сурет салады, суреттің қайда түсірілгенін анықтайды, интернеттен ақпарат іздейді, файлдармен жұмыс істейді, тіпті кей тапсырмаларда Google Gemini технологиясының көмегіне жүгінеді.
Apple таныстырған жаңа жүйенің басты жаңалығы – жасанды интеллектінің құрылғының барлық бөлігіне енуі. Компания мұны Apple Intelligence деп атайды. Бұрын Siri-ге «оятқыш қой» немесе «хабарлама жібер» деген қарапайым пәрмендер берілсе, енді көмекші әлдеқайда күрделі тапсырмаларды орындай алады.
Мысалы, пайдаланушы белгілі бір құжатты тауып, оны әріптесіне электронды пошта арқылы жолдауды сұрай алады. Немесе ұзақ мәтінді қысқартып беруді, интернеттен қосымша ақпарат табуды тапсыра алады. Ең қызығы – Apple алғаш рет Google технологияларын өз экожүйесіне жақындатты. Жаңартылған Siri кей жағдайда Gemini жүйесін пайдалана алады. Бұл оған күрделі сұраныстарды түсінуге және ауқымды ақпаратпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект тек мәтінмен ғана жұмыс істемейді. Apple камера мүмкіндіктерін де кеңейтті. Енді смартфон камерасын кез келген затқа бағыттасаңыз, жүйе оның не екенін айтып бере алады. Тіпті кей жағдайда суреттің қай жерде түсірілгенін де анықтайды.
Сурет өңдеу де әлдеқайда оңайлаған. Бұрын арнайы бағдарламалар қажет болған әрекеттер енді бірнеше секундта орындалады. Қажетсіз адамды немесе затты өшіріп тастауға, жаңа фон қосуға немесе суретті толықтыруға болады. Mac компьютерлері де назардан тыс қалмады. Apple компьютерлеріне арналған жаңа операциялық жүйе Golden Gate атауын алды. Мұнда да Siri файлдарды тауып беру, құжаттарды жіберу және күнделікті жұмысты жеңілдету секілді міндеттерді атқарады.
Apple тағы бір маңызды жаңалық жариялады. Компания жаңа интерфейс ұсынды. Liquid Glass деп аталатын дизайн тұжырымдамасы мәзірлер мен терезелерді мөлдір етіп көрсетеді. Қолданушылар оның мөлдірлік деңгейін өз қалауынша өзгерте алады.
Дегенмен барлық құрылғы жаңа Siri мүмкіндіктерін пайдалана алмайды. Apple жасанды интеллект функцияларын тек қуатты құрылғыларға қалдырды. Сондықтан толыққанды AI-көмекші негізінен iPhone 15 Pro, iPhone 16 сериясы, M1 чипі бар Mac пен iPad құрылғыларында жұмыс істейді.
Apple-дің бұл қадамы кездейсоқ емес. Кейінгі екі жылда технология нарығында басты бәсеке смартфондар арасында емес, жасанды интеллект платформалары арасында жүріп жатыр. ChatGPT, Gemini және Microsoft Copilot секілді жүйелердің қарқынды дамуы Apple-ді де әрекет етуге мәжбүр етті.