Жаңа Адамдар

«Жаңа адамдар» белсенділері «Ayana Clinic»-ті жалған анықтама сатқан үшін «карантинге» жапты

Белсенділер тобы Алматыдағы «Ayana Clinic» клиникасын жалған медициналық анықтамалар сатқаны үшін «липавирустық карантинге» жапты, деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

Бұған дейін белсенділер Кенжебек Құмысбеков көшесіндегі клиникада жалған анықтамалардың жүйелі түрде сатылып келгенін әшкерелеген болатын. Сол кезде олар назар аударту мақсатында ғимарат алдына 150 үш литрлік «талдау» банкаларын қойып, қоғамдағы жемқорлық пен немқұрайлыққа қарсы үн қатқан еді.

 

Алайда жақында өткен жаңа рейд кезінде белсенділер «Ayana Clinic»-тің Ұлы Дала көшесіндегі филиалында да заңсыз әрекеттер жалғасып жатқанын анықтады. Олардың айтуынша, флюорография анықтамасы 1000 теңге, санитарлық кітапша 4000 теңге, ал «өткен күнмен» берілетін анықтама 6000 теңгеге сатылады. Барлық құжаттар ешқандай тексерусіз, интернеттен көшірілген суреттер мен мөрлер арқылы дайындалады. Тіпті екі 15 жастағы жасөспірімге де жалған анықтама сатылғаны белгілі болды.

 

Белсенділер мұны қоғамда кең тараған «липавирус» деп атап, клиниканы символдық түрде «карантинге» жапты. Олар ғимаратты AntiLIPA жапсырмалары және ленталарымен қоршап, жауапсыздыққа қарсы акция өткізді.Акция барысында белсенділер клиника басшылығына «липавирус» диагнозы жазылған ресми «анықтама» табыстап, өзін және өзгені алдауды тоқтату емшарасын ұсынды. Барлық жиналған материалдар құқық қорғау органдарына берілді.

 



AntiLIPA қозғалысының жетекшісі Даниил Львовтың айтуынша, мәселе тек бір клиникада емес, бүкіл жүйеде жатыр:


«Адал Қазақстан өтірік тоқтаған кезде басталады. Егер адамдар өтірік сатып алуды доғарса, оны сататындар да жоғалады. Симптомды емес, себепті емдеу керек — өзіңнен баста», — деді ол.

Барлық жаңалық