Жамбыл облысында 14 жасында жүкті болған жасөспірім қыз дүниеге сәби әкелді. Алайда жәбірленуші тараптың айтуынша, ақыл-есінде кемістігі бар қызды бірнеше адам бір жыл бойы зорлады деген күдікке ілінген азаматтар әлі күнге дейін бостандықта жүр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Жасөспірімнің жүктілігі кезінде жергілікті дәрігерлер оның жағдайын бақылауда ұстаған. Кейін босану уақыты жақындағанда аудандық ауруханада қажетті мүмкіндік болмағандықтан, оны Тараз қаласына жеткізген. Дәрігерлер қызға кесарь тілігін жасап, сәби дүниеге келген.
Жамбыл облыстық перинаталдық орталығының мәліметінше, қазіргі уақытта ана мен баланың денсаулығы жақсы. Алайда мамандар қыздың психикалық ерекшеліктеріне байланысты ана атанғанын толық түсіне бермейтінін айтады.
«Анасының да, баласының да жағдайы жақсы. Бір ай көлемінде қажетті медициналық көмек көрсетілді. Енді олар тұрғылықты жеріндегі емханада бақылауда болады», – деді орталықтың бас дәрігері Гүлзада Әшірбаева.
Қыздың анасы немересін перзентханадан шығарып алғанын айтты. Оның сөзінше, қылмыстық іс бойынша күдіктілер әлі күнге дейін жауапқа тартылмаған. Әйел тергеу барысында өзіне қысым жасалғанын да мәлімдеді.
«Маған “резонанс тудырма” деп ескертті. Тіпті балаларымды балалар үйіне қайтарамыз деп қорқытқандар болды. Осыдан кейін ешқайда шықпай, үнсіз қалдым. Содан бері тергеу тоқтап тұрғандай әсер қалдырды», – дейді Қордай ауданының тұрғыны Гүлшат Үркімбаева.
Ал Жамбыл облыстық полиция департаменті бұл іс бойынша жеті күдіктінің бар екенін растады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тергеу барысында баланың әкесін анықтау үшін ДНҚ сараптамасын жүргізу қажет болғандықтан, жәбірленушінің босануын күткен.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу және процессуалдық іс-шаралар атқарылып жатыр. Дәлелдемелер жиналып, жан-жақты зерттелуде. Іс бойынша толық әрі объективті шешім қабылданады», – деді полиция департаментінің ресми өкілі Гүлсара Мұхтарқұлова.
Осылайша бір жылға жуық уақытқа созылған тергеу аяқталуға жақын. Жәбірленуші тарап істің сотқа жетіп, барлық кінәлілердің заң алдында жауап беруіне үміт артып отыр.