Жамбыл облысында кәмелетке толмаған оқушының қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша 3 адам сотталды, деп хабарлайды ozgeris.info.
Оқиға өткен жылдың сәуір айында Жамбыл ауданына қарасты Тастөбе ауылында болған. 9-сынып оқушысы өз үйінің ауласындағы шаруашылық құрылысында асылып, өмірімен қоштасқан.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Тергеу барысында ауылдың 22 жастағы тұрғыны және 10–11 сыныпта оқитын екі жасөспірім күдікті ретінде танылған.
Іс материалдарына сәйкес, мектеп оқушылары арасында «бейресми көшбасшылар» ықпалы күшейіп, «көшелік тәртіп» элементтері қалыптасқан. Мұндай ортада күш көрсету мен қысым жасау қалыпты құбылыс ретінде қабылданған.
Марқұм оқушыға жүйелі түрде психологиялық қысым көрсетіліп, қорқыту және мәжбүрлеу әрекеттері орын алған. Соңғы күндері ол ауылдағы «беделді» саналған азаматтың үйінде еркінен тыс құрылыс жұмыстарына тартылғаны анықталған.
Тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін іс 5 қыркүйекте сотқа жолданған. Сот талқылауы барысында айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді.
Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 16 сәуірдегі үкімімен негізгі айыпталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның кәмелетке толмаған екі сыбайласына әрқайсысына 5 жылдан жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.