Шоу-бизнес

«Жаяу жүргісі келмеді ме?»: Елдос Сметовке қатысты көлік жанжалға ұласты

«Жаяу жүргісі келмеді ме?»: Елдос Сметовке қатысты көлік жанжалға ұласты

Тараз қаласындағы автотұрақтардың бірінде жұртшылықтың назарын аудартқан жағдай орын алды. Қала тұрғындары мүгедектерге арналған орынға қойылған көліктен дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке тиесілі автокөлікті таныған деп жазады Оzgeris.info сайты HALYQSTAN-ға  сілтемемен.

 

Аталған көлік Тараздағы «Март» сауда-ойын-сауық орталығының маңында арнайы белгісіз тұрған күйінде байқалған. Оқиға куәгері, азаматтық белсенді көлікті суретке түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған.Фото авторының айтуынша, автотұрақта бос орындар жеткілікті болған, алайда олар сауда орталығының кіреберісінен алыс орналасқан.


«Қарапайым тұрақтар бар еді. Ал мүгедектерге арналған орындар дәл кіреберістің жанында. Көлік иесіне жаяу жүруге ерінген болуы мүмкін», – деп пікір білдірді ол.

 

Желіде кеңінен талқыланған жағдайдан кейін полиция өкілдері тексеру жүргізіп, бірнеше күннен соң көлік жүргізушісін анықтаған. Жамбыл облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабының 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылған.

 

«Көлік жүргізушісіне қатысты әкімшілік жауапкершілік қолданылып, сонымен қатар профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – делінген полицияның ресми мәлімдемесінде.

 

Ал көліктің нақты кімнің атына тіркелгені әзірге белгісіз күйінде қалып отыр. Инсайдерлік ақпаратқа сүйенсек, бұл автокөлікті чемпионның ағасы, балалар жаттықтырушысы Жандос Сметов пайдаланған және жауапкершілікке де сол адам тартылған.

 

Қалай болғанда да, заңбұзушылық үшін салынған айыппұл көлемі 10 айлық есептік көрсеткішті құрап, бұл шамамен 34 500 теңгеге тең болды.

Барлық жаңалық