Қоғам

Исламтанушы: Зайырлылықты дінсіздікпен шатастыру — үлкен қателік

Исламтанушы: Зайырлылықты дінсіздікпен шатастыру — үлкен қателік

Елімізде тәңіршілдер мен діншілдер арасындағы пікірталас күшейіп, бұл жағдай жастардың санасына теріс ықпал етіп жатқаны айтылуда. Сонымен қатар «дін мемлекеттен бөлек» деген ұғымды кейбір адамдар ғана емес, діни мамандардың өзі дұрыс түсінбей жүр. Олардың арасында зайырлы елде исламға орын жоқ деген қате түсінік қалыптасқан. Белгілі дінтанушы Асқар Сабдин осы мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.



Маманның айтуынша, діннің басты мақсаты – адамды сендіру, дұрыс жолға бағыттау. Алайда ислам атын жамылған радикалдар тарихи тамырдан ажыратып, өткенді жоққа шығаруға тырысады. Оның сөзінше, тәңіршілдікті ұстанатын радикал көзқарастағылар да жастарды шатастырып, қоғамда алауыздық туғызады. Екі тарап бір-біріне қарсы болғанымен, түптеп келгенде екеуі де жастардың санасын адастыруы мүмкін.

Дінтанушы түркітілдес кейбір халықтар тәңіршілдік пен шамандық сенімде қалғанын, алайда уақыт өте ассимиляцияға ұшырап, тілінен айырылып жатқанын айтты. Ал исламды ұстанған түркі елдері өз тілін сақтап қала алған. Оның пікірінше, қазақ халқының да түпкі тамыры тәңіршілдіктен басталғанымен, кейінгі хандар заманынан бастап исламды қабылдаған.

Асқар Сабдин көне түркі тілінде «Алла» сөзі «Тәңір» деп аударылып, екеуі синоним ретінде қолданылғанын атап өтті. Сондықтан осы ұғымдарды қарсы қойып, қоғамда тартыс туғызу орынсыз екенін жеткізді.

Сондай-ақ ол «зайырлы мемлекет» ұғымы да жиі қате түсіндірілетінін айтты. Кейбір діни қызметкерлер зайырлылықты дінсіздікпен шатастырады. Негізінде, шариғат заңымен басқарылатын діни мемлекеттер санаулы ғана. Ал мұсылман елдерінің басым бөлігі – зайырлы мемлекеттер.

Ғалымның сөзінше, зайырлылықтың бірнеше моделі бар. Мысалы, Түркияда мемлекет діннен бөлек болғанымен, имамдар мемлекеттік қызметкер саналып, жалақыны мемлекеттен алады. Ал Францияда дін тек жеке сенім деңгейінде қарастырылады, ал Қытайда да діни ұйымдардың қызметі шектелген. Сондықтан зайырлы мемлекет ұғымын дұрыс түсіну маңызды, деді дінтанушы.

Барлық жаңалық