✅ Пайдалы

Ипотека және жаңа құрылыс: үй алуда нені ескеру керек?

Ипотека және жаңа құрылыс: үй алуда нені ескеру керек?

Баспана мәселесі – қоғамдағы басты тақырыптың бірі. Әсіресе, ипотекалық бағдарламаларға сұраныс жоғары. Соның ішінде «Наурыз» бағдарламасы да көпшіліктің назарында. Алайда үй алуға асыққан азамат үшін мұның мүмкіндік қана емес, үлкен тәуекел екенін ұмытпау қажет. Сондықтан әр қадамды ойланып басу маңызды, деп жазады Ozgeris.info.

 «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау 10 наурызда басталып, 31 наурызға дейін жалғасады. Дегенмен 21-25 наурыз аралығында мерекеге байланысты өтінім қабылданбайды. Бұл – уақытша үзіліс қана. Негізгі мәселе – өтінім беру барысындағы ұқыптылық. Құжаттарды асығыс, қате толтырған адамның мүмкіндігі азаяды. Ал деректерді мұқият енгізген азаматтың бағы жануы ықтимал.

 Бағдарламаға қатысу үшін ең алдымен Отбасы банк салымшысы болу шарт. Депозитте кемінде 2 млн теңге жинақ болуы керек. Сонымен қатар өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің атында соңғы бес жылда баспана тіркелмеуі тиіс. Осы талаптарға сай келетін азаматтар Baspana Market порталы арқылы өтінім бере алады.

 Ал ипотекаға өтінім беру – үйлі болудың алғашқы ғана қадамы. Ең күрделі әрі жауапты кезең – жаңа құрылыстан пәтер таңдау. Соңғы жылдары бұл салада заңдық талаптар күшейіп, тәртіп өзгерді. Мұны ескермеген азамат қаржысынан айырылып қалуы мүмкін.

 Бірінші және ең маңызды қағида – үлестік қатысу шарты. Яғни жаңа үйден пәтер аларда құрылыс компаниясынан Үлестік қатысу шартын талап ету қажет. Бұл – сатып алушыны қорғайтын жалғыз заңды құжат. Кейбір компаниялар «инвестициялық келісім» деген атаумен өзге құжаттарды ұсынуы мүмкін. Бірақ мұндай келісімдердің құқықтық күші әлсіз, ертең дау туындаса, қаржыңызды қайтару қиынға соғады.

 Екінші мәселе – құрылыс компаниясының рұқсаты. Таңдаған тұрғын үй кешенін салуға ресми рұқсат бар ма, құжаттары заңды ма – осыны нақты тексеру қажет. Көзбен көріп, құжатпен растау – қауіптің алдын алудың бірден-бір жолы.

 Үшінші маңызды талап – қаржының қалай қабылданатыны. Заң бойынша құрылыс компаниясы қаражатты тек үш жағдайда ғана қабылдай алады: Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі болса, екінші деңгейлі банк қатысса немесе әкімдіктің ресми рұқсаты болғанда ғана. Бұдан тыс ұсыныстар – тәуекелі жоғары мәміле.

 Тағы бір ескеретін жайт: енді жаңа құрылыстан пәтер аларда қолма-қол төлем жасауға болмайды. Төлем тәртібі нақты белгіленген. Алдымен келісімшартқа қол қойылады, кейін ол Қазреестрде тіркеледі, содан соң ғана қаражат банк арқылы аударылады. Банк сіздің ақшаңыздың басқа мақсатқа жұмсалмай, дәл сол құрылысқа бағытталуын қадағалайды.

 Сарапшылардың айтуынша, тұрғын үй алар алдында ақпаратты бірнеше дереккөзден тексеру қажет. Соның бірі – Homeportal.kz сайты. Бұл платформа арқылы тұрғын үй кешенінің заңды немесе заңсыз салынып жатқанын анықтауға болады.

 Қорыта айтқанда, ипотека – тек мүмкіндік емес, үлкен жауапкершілік. Жеңіл шешімге сеніп, асығыс әрекет ету – ең үлкен қателік. Әр құжатты тексеріп, әр талапты түсініп барып қадам жасаған адам ғана өз қаржысын қорғап, қауіпсіз түрде баспанаға қол жеткізе алады.

Барлық жаңалық