Apple биылғы күзді нағыз технологиялық мерекеге айналдыруға дайындалып жатыр. Инсайдерлер мен сарапшылардың дерегіне сүйенсек, iPhone 17 сериясы алдыңғы модельдерден айтарлықтай өзгеше болады, деп жазады Ozgeris.info.
Бағасы қанша болады?
GF Securities сарапшысы Джефф Пудың айтуынша, жаңа iPhone 17-нің ең арзан моделі 849 доллардан басталады. Салыстырар болсақ, iPhone 16-ның бастапқы бағасы 799 доллар. Яғни, айырмашылық 50 доллар.
Apple бұл бағаны жайдан-жай көтермей отыр. Ең алдымен, жаңа модельдің ең төменгі жады 256 ГБ болмақ. Бұл бұрынғы 128 ГБ-тық бастапқы нұсқалардан екі есе көп. Бұған ұқсас қадамды компания iPhone 15 Pro Max-те де жасаған, сол кезде баға бірден 100 долларға артқан еді.

Қашан шығады?
Жаңа серияның таныстырылымы 2025 жылғы 9 қыркүйекке жоспарланған. Ең қызығы – Apple биыл Plus моделін шығару жоспарын тоқтатып, оның орнына жұқа әрі жеңіл iPhone 17 Airұсынбақ. Бұл смартфон дизайны бойынша iPhone 17 мен Pro модельдерінен айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін.
Камера блогы да өзгеріске ұшырайды. Барлық модельдің артқы камера орналасуы мен пішіні бұрынғыдан өзгеше болмақ.
Дизайны ше?
Bluesky желісіндегі белгілі инсайдер Сонн Диксон iPhone 17 және iPhone 17 Air-дің ықтимал түстерін көрсетті. Жаңа палитрада:
• қызғылт сары – бұрын болмаған батыл реңк,
• қою көк – алдыңғы көк түстерге қарағанда айқын,
• қызғылт – алғаш рет ұсынылмақ,
• сондай-ақ алтын, қара және көк-күлгін реңктер жаңарған нұсқада шығады.
Айта кету керек, iPhone 17 мен 17 Air-дің қара нұсқалары iPhone 16-дағыдан әлдеқайда қою, ал көк пен қызғылт реңктер жұмсақтау көрінеді.
Батареясы 35 сағатқа жетеді
Инсайдерлердің айтуынша, iPhone 17 Pro Max бір зарядпен 35 сағатқа дейін жұмыс істей алады. Бұл смартфон әлеміндегі аса жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар, Apple 2027 жылға дейін кемінде алты жаңа iPhone шығаруды жоспарлап отыр.