🌐 Әлем

«Яндекс» сервистерінің жұмысы бір апта ішінде толық қалпына келуі мүмкін – сарапшы

«Яндекс» сервистерінің жұмысы бір апта ішінде толық қалпына келуі мүмкін – сарапшы

Ұшқышсыз ұшу аппараттарының деректер орталықтарына жасаған шабуылынан кейін «Яндекс» сервистерінің жұмысын толық қалпына келтіруге бір аптаға дейін уақыт кетуі мүмкін, деп жазады Ozgeris.info.

Бұл туралы IT сарапшысы Эльдар Муртазин мәлімдеді.

Сарапшының айтуынша, қалпына келтіру мерзімі әр сервистің ерекшелігі мен оған деген сұранысқа байланысты.

– Сервистердің жұмысын толық қалпына келтіру бір аптаға дейін созылуы мүмкін. Бұл олардың қаншалықты белсенді пайдаланылатынына да байланысты. Өкінішке қарай, компания әзірге нақты мерзімді атаған жоқ, – деді Эльдар Муртазин aif.ru басылымына.

«Яндекс» қызметтеріндегі ауқымды ақаулар Ресейдің Владимир, Калуга және Рязань облысындағы Сасово қаласында орналасқан деректер орталықтарына дрондармен жасалған бірнеше шабуылдан кейін пайда болған.

Detector404 дерегінше, 12 қазанда да пайдаланушылар сервистердің дұрыс жұмыс істемейтініне шағымданған.

Бұған дейін «Яндекс» компаниясы қызметтерінің жұмысын кезең-кезеңімен қалпына келтіріп жатқанын хабарлады. Дегенмен кейбір функциялар әлі де қолжетімсіз.

Ақаулар «Алиса», «Яндекс Іздеу», «Яндекс Карталар», «Яндекс Такси», «Яндекс Пошта» және басқа да сервистердің жұмысына әсер еткен.

Барлық жаңалық