💰 Экономика

«Халал» кредит: пайызсыз несие қалай жұмыс істейді?

Көпшіліктің көкейіндегі сұрақтың бірі – «халал» кредит. Өйткені шариғат үкімін ұстанатын азаматтар үшін пайыз қосылған қарыз «риба» саналып, харамға жатады. Сондықтан мұндай адамдар классикалық кредиттен алшақ жүреді, деп жазады Ozgeris.info «Қаржылық сауат» телеграм-арнасына сілтеме жасап.

«Халал» кредиттің басты ерекшелігі – пайыздың болмауы. Бірақ бұл алған дүниені тура бағасымен аласың деген сөз емес. Мысалы, бір заттың құны 1 000 000 теңге болса, банк немесе ислам қаржы ұйымы оны өзі сатып алып, клиентке үстеме бағамен береді. Айталық, 1 200 000 теңгеге. Үстіндегі 200 000 теңге – өсім емес, банктің саудадан тапқан пайдасы. Клиент сол соманы бөліп-бөліп қайтарады. Әр айда қанша төлейтіні алдын ала белгілі болады. Қосымша өсім де, жасырын айыппұл да жоқ.

Мұнда басты шарт – келісім ашық жасалады әрі қарыз нақты тауар түрінде беріледі. Ақшалай кредит берілмейді. Өйткені қолма-қол ақша беріп, үстінен қайтаруды талап ету шариғатқа қайшы. Мысалы, клиентке 5 млн теңгеге техника қажет болса, қаржы ұйымы оны өзі сатып алып, пайдасын қосып сатады. Клиент ақшаны қолына алмайды, бірақ қалаған затына ие болады.

Кейінгі жылдары Қазақстанда ислам қаржысын дамыту туралы бастамалар қозғалып жүр. Отбасы банк те осы бағытта келіссөздер жүргізіп жатыр. Болашақта классикалық банктерде де «ислам терезелері» ашылуы мүмкін.

 

Барлық жаңалық