💰 Экономика

Ғашық боламын деп 9 млн теңгеден айырылған

Әлеуметтік желіде махаббат іздеп, сезімге беріліп, соңында сан соғып қалатындар көбейіп барады. Бұл жолы Астана тұрғыны бейтаныс біреуге ғашық болып, 9 миллион теңгесін қолына ұстатқан. Ал өзі сүйдім деп сенген адам – жалған аккаунттың ар жағында отырған алаяқ боп шықты, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Ішкі істер министрлігі бұл интернет арқылы жасалатын алаяқтық схеманың ескі болғанымен, әлі де жақсы жұмыс істеп жатқанын ескертіп отыр. Жаңа технологиялар, жасанды интеллект дамып жатса да, адам сенімін пайдалану  баяғы тәсіл, бірақ тиімді.

– Алаяқтар көбіне өздерін шетелден шыққан, салмақты әрі жалғыз жүріп қалған азамат ретінде таныстырады. Бір-екі күнде-ақ махаббатын білдіріп, қатты ғашық болып қалдым деп хат жазып, жүректі елжіретіп алады. Бірақ видеоқоңыраумен сөйлеспейді, кездесейік десе сылтау тауып жалтарып, артынша көмек сұрай бастайды. Қиын жағдайға тап болғанын айтып, ақша, құжат немесе зат жіберуді өтінеді, – деп алаяқтықтың белгілерін де айтты министрлік. 

Желі арқылы жүрегін ұсынған кейіпкердің оқиғасы да дәл осы сценариймен өрбіген. Ол бөтен адамға 9 миллион теңге аударып жіберген. Алаяқтар осылайша сезімді саудаға салып, қалтаға қол салады.

ІІМ өкілдері қазақстандықтарды сақ болуға шақырып отыр:

– Интернеттегі махаббат хикаялары әдемі көрінуі мүмкін, бірақ әдемі сөздердің артында жиі алдау тұрады, – дейді ведомство мамандары.

 

Олардың кеңесі қысқа да нұсқа: бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз, жеке мәлімет бермеңіз, бейнеқоңырауға шықпайтын, кездесуден қашатын адамнан күдіктеніңіз және күмән туса, бірден полицияға хабарласыңыз.

Барлық жаңалық