Forbes Kazakhstan журналы еліміздің ең дәулетті адамдарының 2026 жылғы жаңа рейтингін таныстырды. Биыл Қазақстанның ең ауқатты 75 кәсіпкерінің жиынтық капиталы 60,84 миллиард долларға жеткен. Байлар тізімінде жаңа есімдер мен жас кәсіпкерлер бой көрсеткенімен, елдегі ықпалды әулеттер өз орындарын сақтап қалды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Тұңғыш президенттің ортаншы қызы Динара Құлыбаева биылғы тізімде төртінші орыннан үшінші сатыға көтерілді. Оның байлығы 5,4 миллиард доллар деп бағаланып отыр. Динара Құлыбаева жұбайы Тимур Құлыбаевпен бірге «Алмэкс» холдингі арқылы Halyk Bank акцияларының 61,99 пайызына иелік етеді. Бұл көрсеткіш Құлыбаевтар әулетінің елдегі қаржы нарығындағы мығым орнын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ал Дариға Назарбаева биылғы рейтингте 20-орыннан көрінді. Оның дәулеті 550 миллион доллар көлемінде бағаланған. Өткен жылмен салыстырғанда үлкен қызының капиталы біршама азайған. Ол ұлы Нұралы Әлиевпен бірге «Европа плюс Қазақстан» радиосы мен НТК телеарнасын басқарады. Сондай-ақ оның DLS Group холдингі арқылы «Регион-Медиа», «Наружная Реклама-Регионы» және «Телефабрика «Дала» компанияларында үлесі бар.
Жалпы алғанда, биылғы тізім Назарбаевтар әулеті өкілдерінің қаржылық жағдайындағы түрлі өзгерістерді айқындап берді. Динара Құлыбаева байлығын еселей түссе, Дариға Назарбаеваның үлесі керісінше төмендеген.