Жаңалықтар

ФИФА чемпионатқа қатысушы елдер санын 64-ке арттыруы мүмкін

ФИФА чемпионатқа қатысушы елдер санын 64-ке арттыруы мүмкін

Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантино болашақта футболдан әлем чемпионатына қатысатын құрамалар санын 64-ке дейін көбейту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Бұл туралы DWбасылымы жазды.

Blue Sport басылымына берген сұхбатында Инфантино 2026 жылғы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін бұл мәселені талқылауға болатынын айтты. Оның пікірінше, 48 құраманың қатысуымен өтіп жатқан қазіргі мундиал өз тиімділігін дәлелдеп отыр.

ФИФА басшысы әр құрлықтың құрамалары жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл футболдың жаһандық дамуына оң әсер етіп, әлем чемпионатына көбірек елдің қатысуына мүмкіндік береді.

Егер қатысушылар саны 64 командаға дейін көбейсе, турнир 16 топ форматында өткізілуі мүмкін. Бұл жағдайда жарыстағы матчтар саны 128-ге дейін артады. Сонымен қатар әр топтан плей-офф кезеңіне екі үздік команда ғана жолдама алады.

Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты тарихта алғаш рет 48 құраманың қатысуымен АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Ал 2030 жылғы мундиалды Испания, Португалия, Марокко, Аргентина, Уругвай және Парагвай бірлесіп қабылдайды.

Барлық жаңалық