Қаржы кеңесшісі Аман Әлімбаев Еуропадағы зейнетақы жүйесін зерттей отырып, батыс қарттарының бақуатты өмір сүру себебі жоғары төлемде емес, дұрыс жүйеде екенін айтады, деп жазады Ozgeris.info.
Сарапшы Еуропадағы зейнетақы жүйесін түсіну үшін үш негізгі фактіні білу керек дейді. Біріншіден, Еуропада мемлекеттік зейнетақы аса жоғары болмайды. Мысалы, Данияда ол орташа жалақының 78 пайызын, Германияда 58 пайызын, ал Швейцарияда небәрі 45 пайызын ғана құрайды. Ал Литвада мемлекеттік зейнетақы еңбек ақысының тек 30 пайызын қамтамасыз етеді.
«Бұдан көретініміз бай еуропалық зейнеткерлер жайындағы әңгіме миф емес. Олардың ауқатты өмірінің сыры зейнетақының үш бөліктен тұруында. Мемлекеттік, корпоративтік және инвестициялық жинақтар. Бұл жүйе адамға тұрақты әрі тәуелсіз табыс береді», дейді Аман Әлімбаев.
Екіншіден, еуропалықтар зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтінін жақсы біледі және жастайынан өз болашағына инвестиция жасайды. Олар тек мемлекеттік зейнетақыға үміт артпайды. Жеке жинақ ашып, түрлі қаржылық құралдар арқылы қосымша капитал қалыптастырады. Сондықтан да Еуропадағы мейрамхана мен круиздерде жиі кездесетін ақ шашты зейнеткерлер мемлекеттік төлеммен емес, өз еңбегі мен инвестициясының арқасында өмір сүріп жүр.
«Үшіншіден, Еуропадағы мемлекеттік зейнетақыны ертерек алуға болмайды. Заң бойынша зейнет жасы тұрақты өсіп отырады. Қазірдің өзінде бұл жас 60 пен 67 жас аралығында болса, қазіргі 35-40 жастағы буынның зейнетке шығуы шамамен 70 жасқа дейін созылады. Кім зейнет демалысын ертерек бастағысы келсе, инвестициялық капитал жинауға тиіс. Бұл сақтандыру емес, нақты жеке инвестиция болуы керек. Егер адамда бағалы қағаздар немесе өзге қаржылық активтер болса, ол 50 жаста-ақ зейнетке шығуға мүмкіндік алады. Менің көптеген еуропалық клиенттерім дәл осылай жоспарлайды», дейді Аман Әлімбаев.
Еске сала кетейік, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегінше, биылғы қыркүйектен бастап елдегі ең жоғары зейнетақы 993 мың теңге болды. Одан кейінгі көрсеткіштер 818 мың, 635 мың, 565 мың теңге көлемінде тіркелген. Ал зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтардың БЖЗҚ-дан алатын орташа айлық төлемі небәрі 35 мың теңге шамасында. Қор мамандарының айтуынша, зейнетақы көлемі азаматтың табысына, жарнаны уақтылы аударуына және ерікті жинақтардың болуына тәуелді.