Еуроодақ Ресеймен болуы мүмкін соғыс жағдайына алдын ала қамдана бастады. Енді Еуропаның шығыс бағытындағы жолдар мен көпірлерді әскери техника жүре алатындай етіп жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл туралы Еуроодақтың көлік жөніндегі комиссары Апостолос Цицикостас Financial Times-қа берген сұхбатында айтты, деп жазады Ozgeris.info.
Цицикостастың айтуынша, қазіргі жол жүйесі әскери мақсатта пайдалануға ыңғайсыз. Әсіресе ауыр техника үшін ескі әрі тар көпірлер үлкен кедергі.
«Бізде жаңартуды қажет ететін ескі көпірлер, кеңейтілуі тиіс тар көпірлер және жаңадан салынуы қажет көпірлер бар», дейді ол.
Сол себепті Еуроодақ төрт негізгі әскери бағыттағы 500 инфрақұрылым нысанын жаңартуға кіріспек. Бұл соғыс бола қалса, танктер мен техника Еуропаның батысынан шығысына бірнеше күн емес, бірнеше сағат ішінде жетуі үшін қажет.
Мақсатқа 17 миллиард еуро бөлінуі тиіс. Бірақ Financial Times дерегінше, бұл сома кейін қысқаруы да мүмкін. Сонымен бірге Еуроодақ Украинаға көрсетілетін көмекті 100 миллиард еуроға дейін арттыруды көздеп отыр.