Еуропалық комиссия Google компаниясына (Alphabet Inc.) жарнама бизнесіндегі бәсекелестікке қарсы әрекеттері үшін 2,95 миллиард еуро айыппұл салды. Бұл туралы Комиссияның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
Мәлімдемеде Google-дің нарықтағы үстемдігін теріс пайдаланып келгені айтылған. Бұл тәжірибе 2014 жылдан бері жалғасып, бәсекелестер мен онлайн-баспагерлерге залал тигізген.
ЕО-ның бәсекелестік мәселелері жөніндегі комиссары Тереза Рибера жағдайға байланысты пікір білдірді.
«Шынайы еркіндік – бәрі тең жағдайда бәсекеге түскенде және азаматтарда таңдау құқығы толық сақталғанда ғана болады», деді ол.
Комиссия Google-ге бұл тәжірибені тоқтатып, жағдайды түзету үшін нақты шаралар қабылдауды міндеттеді. Компания 60 күн ішінде жоспар ұсынып, жағдайды реттеу тетіктерін көрсетуі тиіс.
Алайда Google бұл шешіммен келіспей отыр. Компания вице-президенті Ли-Энн Малхолландтың айтуынша, бәрі орынсыз.
«Еурокомиссия негізсіз айыппұл салып отыр және талап етіп отырған өзгерістер мыңдаған еуропалық компаниялардың табыс табуын қиындатады. Жарнама берушілер мен сатып алушыларға қызмет көрсетуде ешқандай бәсекеге қарсы қадам жоқ, керісінше балама қызметтер қазір бұрынғыдан да көп», деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Калифорния соты азаматтардың деректерін заңсыз жинағаны үшін Google компаниясына 314 миллион доллар көлемінде айыппұл салған. Bloomberg дерегінше, компания Android қолданушыларының ұялы деректерін пайдаланушылардың келісімінсіз жинаған.