Атырауда 12 жастағы мектеп оқушысына тиіскен бейтаныс ер адамды полиция іздестіріп жатыр. Қыздың ата-анасы оқиға болған аумақтағы бейнебақылау камераларының жазбаларын алып, құқық қорғау органдарына арыз түсірген, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оқиға жексенбі күні сағат 22:00 шамасында болған. 12 жастағы қыз ойын алаңынан үйіне жалғыз қайтып келе жатқан кезде оған бейтаныс ер адам жақындаған.
Баланың жақындарының сөзінше, ер адам мас күйде болған. Олар қыз қашып құтылмағанда, жағдайдың соңы жыныстық зорлық-зомбылыққа ұласуы мүмкін деп қауіптенеді.
Қыздың анасы Балауса ер адамның баласын қорқытып, оған айқайлап, агрессивті әрекет жасағанын айтты.
“Қыздан алкоголь сатып әкелуді талап еткен. Қызым "жақсы, тек мені жібере салыңыз, дүкенге бірге барайық" деген. Ол дүкеннен көмек сұраймын деп үміттенген. Олар тоқтаған сәтте ер адам қыздан ернінен сүйуді талап етіп, өзіне қарай тарта бастаған. Сол кезде қызым оның желкесіндегі шашынан ұстап қалған. Сол сәтте қыз қашып құтылып үлгерген”, – дейді анасы.
Болған жағдайды қызынан естіген ата-анасы дереу полицияға жүгінген. Сондай-ақ олар бейнебақылау камераларына түскен жазбаларды алып, тәртіп сақшыларына берген.
Анасының айтуынша, болған оқиға баланың психологиялық жағдайына да әсер еткен. Қазір 12 жастағы қыз үйден жалғыз шығуға қорқатын болған.