Қоғам

Енді Egov ресейлік жүйеге тәуелді бола ма?

Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді ұсынатын негізгі платформа Egov ресейлік технологиямен алмастырылмайды және онымен байланысты болмайды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев Мәжіліс кулуарында мәлімдеді, деп жазады Ozgeris.info.

«Кім осы ақпаратты таратып жүргенін білмеймін. Бірақ Egov жұмысын жалғастыра береді. Онымен ешқандай ресейлік компания айналыспайды», деді министр.

Оның айтуынша, қазір отандық мамандар цифрлық үкіметтің жаңа платформасын әзірлеп жатыр және оған ресейлік «ГосТех» жүйесінің ешқандай қатысы жоқ. Жаңа жүйе платформалық шешімдерге негізделген отандық жоба. Ол киберқауіпсіздік талаптарын бастапқы кезеңнен-ақ ескере отырып құрылады.

«Платформалық шешім – бұл дұрыс бағыт. Ол ақпараттық жүйелерді микросервис архитектурасына негіздеп жасауға мүмкіндік береді. Бір рет жасалған микросервистерді бірнеше рет қолдануға болады. Шығынды азайтып, өнімді нарыққа тез шығаруға көмектеседі. Сонымен қатар біз “Security by Design” тәсілін қолданып жатырмыз.  Яғни, жүйе әзірленіп жатқан сәттен бастап қауіпсіздік талаптары қамтылады. Мен бұл тәсілді қолдаймын. Мұны тек отандық мамандар істеп жатыр. Мұнда ешқандай «Сбер» платформасы жоқ», деп нақтылады Мадиев.

Сонда қауесет қайдан шықты? Egov платформасын ресейлік Сбердің қатысуымен жаңғырту туралы әңгіме алғаш 2021 жылы шыққан. Сол жылы премьер-министр Асқар Мамин мен Сбербанк басшысы Герман Греф бірлескен меморандумға қол қойған. Тіпті жоба аясында Қазақстан Сберден несие алуы мүмкін екені де айтылды.

Алайда қоғам тарапынан сын күшейгеннен кейін, 2022 жылы үкімет ресейлік серіктеспен келісімнен бас тартты. Цифрлық үкіметті дамытуда Сбер технологиясы пайдаланылмайтыны ресми түрде жарияланды.

2024 жылы бұл тақырып қайта көтерілген болатын. Ол кезде ведомствоны басқарған Бағдат Мусин цифрлық үкімет жүйесі ескіргенін айтып, жаңғырту қажеттігін алға тартты. Сбермен серіктестік құру жоспары қайта айтылды, бірақ бұл бастама қоғамда үлкен қарсылық туғызды.

 

Барлық жаңалық