Қазақстанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік – яғни, Антикор деген атау тарих қойнауына кетті. Бұдан былай бұл орган жеке ведомство ретінде өмір сүрмейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа Жарлыққа сәйкес, Антикор Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына қосылды, деп жазады Ozgeris.info.
Оның негізінде арнайы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылады. Бірақ бұл бар жұмысты ҰҚК жалғыз атқарады деген сөз емес. Антикор бұрын атқарып келген кейбір міндеттер, мысалы, жемқорлықтың алдын алу, антикор мәдениетін қалыптастыру, саясат ұсыну сияқты функциялар Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне беріледі. Қысқаша айтқанда, тергейтіндер бөлек, үйрететіндер бөлек болады.
Бұл өзгеріс жай ғана құрылым ауыстыру емес. Үкіметке, Президент Әкімшілігіне, тиісті органдарға нақты тапсырмалар берілді: бір айда жаңа қызметтің ережесін дайындау, штат санын қайта бөлу, заң жобасын әзірлеу. Ал 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін бұл процестер заңнамалық тұрғыда бекітілуі тиіс.