Атырау облысының Жангелдин ауылында бір үйдің екі адамы Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүл әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр. Олар марқұм ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен жұбайының балалары, деп хабарлайды Оzgeris.info.
Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында «Qazaq AIRAN» редакциясының журналистері Атырау облысына арнайы барып, марқұмның жақын туыстарымен тілдесті. Марқұм Мақсот Қарабалиннің туған қарындасы Әдемі Шылмағамбетова Наурыз Мұқанғалиевпен соңғы хат алмасу туралы айтып берді.
Оның айтуынша, 27 желтоқсан күні Наурыздың телефон нөмірінен жіберілген хатта туған-туыстарына наразылық білдірілген. Хатта:
«Арыз жазып не дүрліктіріп жатсыз? Өзімізде проблема аздай. Пайдаларың тимесе де, зияндарыңызды тигізбеңіздерші. Босқа көмектесе алмайсыздар, мысқылдап күлесіздер. Өз ата-анама өзім жауап берем. Үйленіп алдым. Тыныш өмір сүргізбедіңіздер. Банктен бір іздейді, полиция бір іздейді. Дұшпан екенсіңдер», – деген сөздер жазылған.
Марқұм Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиев те бұл жағдайға қатысты өз пікірін білдірді. Оның сөзінше, Наурыз ешқашан ата-анасына немесе өзгеге зиян келтіретін адам болмаған.
«Наурызбен кішкентайымыздан бірге өстік. Ол ауылға сыйлы, тыныш мінезді адам. Әкесіне де, анасына да қол көтеретін адам емес. Ауылдағы кез келген азаматтан сұрасаңыз, ол туралы жаман сөз естімейсіз. Үйдің жалғыз баласы. Ешкімге қарыз болып, біреудің ала жібін аттаған емес. Өзімен-өзі жүрген, жүрегі таза адам», – деді ол.
Қазіргі таңда Наурыз Мұқанғалиев пен Мирамгүлдің қайда екені белгісіз. Туыстары олардың аман-есен табылуынан үміт үзбей отыр. Құзырлы органдар тарапынан іздестіру жұмыстары жалғасуда, алайда әзірге ресми нәтиже жарияланған жоқ.