Спорт

«Достарымның бәрі қазақтар»: Виктория Графеева қазақ тілін қалай меңгерді?

«Достарымның бәрі қазақтар»: Виктория Графеева қазақ тілін қалай меңгерді?

Қазақстандық боксшы Виктория Графеева sportarena.kz сайтына берген сұхбатында қазақ тілін бала кезінен қазақтілді ортада жүріп үйренгенін айтты. Алматыда туып-өскен спортшының айтуынша, достарының басым бөлігі қазақтар болған, ал мектепте қазақ және орыс тілдерінде білім алған,  деп хабарлайды Ozgeris.info

Қазақстандық боксшы Виктория Графеева тек спорттағы жетістіктерімен ғана емес, мемлекеттік тілді еркін меңгеруімен де ерекшеленеді. 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері қазақ тілін қалай үйренгені туралы айтып, күнделікті өмірде мемлекеттік тілде көбірек сөйлеуге тырысатынын жеткізді. Спортшының сөзінше, оның қазақ тілін жақсы түсініп, еркін сөйлесуіне өскен ортасы мен достарының ықпалы зор болған.

«Мен Алматыда туып-өстім. Шағын станицада өстім. Достарымның бәрі қазақтар болды. Негізінен, қазақтілді ортада жүрдім. Қазақ-орыс мектебінде оқыдым. Сондықтан қазақ тілін есту арқылы жақсы қабылдадым. Бәлкім, тіл үйренуге деген қабілетім де бар шығар», – дейді Виктория Графеева.

Боксшы қазақ тілінің құрылымы мен кейбір сөз тіркестерін дұрыс құрастыру оңай емес екенін де жасырмады. Оның айтуынша, күнделікті тұрмыста қазақша сөйлесу қиындық тудырмайды, алайда кейде ойды нақты әрі сауатты жеткізуге көбірек көңіл бөлу қажет.

Графеева әлеуметтік желілерде өзінің ұлтына қатысты пікірлерді де кездестіретінін айтты. Мұндай пікірлердің кейбірі оған ұнамайды. Соған қарамастан, спортшы мемлекеттік тілде сөйлеуге және оны күнделікті қолданыста кеңінен пайдалануға ұмтылады.

«Қолдау да бар, орынсыз пікірлер де бар»

Виктория Графеева әлеуметтік желілердегі жағымсыз пікірлердің спортшыға психологиялық тұрғыдан әсер ететінін де атап өтті. Оның сөзінше, жанкүйерлердің қолдауы, әсіресе өз елінің азаматтарынан келетін жылы лебіздер, оған ерекше күш береді.

«Маған әлеуметтік желідегі пікірлерді оқуды қою керек екенін жиі айтады. Мені жылы сөздерімен қолдайтын адамдар бар екенін білемін. Әрине, туған-туыстарымның қолдауы да маңызды. Бірақ өз еліңнің азаматтары сенің боксыңа сүйсініп, қолдау білдіргенде, рингте шынымен жақсы өнер көрсеткеніңді сезінесің», – дейді боксшы.

Сонымен бірге ол жағымды пікірлерден кейін әлеуметтік желіде жағымсыз пікірлерге тап болудың түсініксіз әрі көңілге қаяу түсіретінін жеткізді. Виктория Графеева үшін қазақ тілін меңгеру – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, өзі өскен ортаның табиғи жалғасы. Оның әңгімесі тіл үйренуде күнделікті тәжірибе мен қоршаған ортаның маңызы зор екенін көрсетеді. Айта кетейік, бұған дейін Виктория Графеева Азия ойындарындағы даулы жеңілісі, бапкерімен болған шағын келіспеушілігі және бокстағы тығыз жарыс кестесі туралы да пікір білдірген.

Барлық жаңалық