Футболдан әлем чемпионаты басталса, бүкіл әлем бір айға басқа тіршілікке көшкендей болады. Біреу сүйікті құрамасының жейдесін киіп алады, біреу жұмысын кейінге ысырып, матч көруге асығады. Алайда көпшілік жасыл алаңдағы тартысты бақылап отырған сәтте оның тасасында тағы бір үлкен ойын жүріп жатады. Ол – миллиардтардың ойыны, деп жазады Ozgeris.info.
2026 жылғы әлем чемпионаты тарихтағы ең ауқымды мундиаль болғалы тұр. Алғаш рет жарыс бір емес, үш мемлекетте – АҚШ, Канада мен Мексикада өтеді. Ал қатысушылар саны 32 құрамадан 48 командаға дейін көбейді. Бұл өзгеріс тек футбол картасын кеңейтіп қойған жоқ. Турнирдің коммерциялық құнын да бірнеше есе арттырды.
Бүгінде әлем чемпионаты жай ғана спорт жарысы емес. Ол – телекомпаниялар, халықаралық брендтер, туристік компаниялар мен демеушілер қатысатын алып бизнес жоба. Кей сарапшылар тіпті әлем чемпионатын Олимпиада ойындарымен қатар әлемдегі ең табысты спорттық өнімдердің бірі деп атайды.
ФИФА үшін ең қымбат турнир
Finance Football сараптамалық компаниясының бағалауынша, Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) 2026 жылғы әлем чемпионатынан 6 миллиард доллардан астам табыс табады.
Бұл соманың басым бөлігі телетрансляция құқығын сатудан түседі. Сарапшылардың есебінше, осы бағыттан ғана шамамен 3,8 миллиард доллар кіріс келеді. Тағы 2,4 миллиард долларға жуық қаржы жарнама мен демеушілік келісімдерден түседі.
Бір қарағанда бұл жай ғана үлкен сан сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ 6 миллиард доллар – кейбір мемлекеттердің бір жылдық бюджетімен шамалас қаржы. Яғни бір айға созылатын футбол додасы тұтас елдердің экономикасымен салыстыруға болатын табыс әкеледі.
Мұның себебі түсінікті. Әлем чемпионатын миллиардтаған адам көреді. Сондықтан ФИФА үшін стадиондағы көрерменнен гөрі экран алдындағы аудитория әлдеқайда маңызды.
Миллиардтаған көрерменнің құны
Футболдан әлем чемпионаты кезінде ең қымбат тауар – билет емес, назар. Әлемнің жетекші телеарналары турнирді көрсету құқығы үшін миллиардтаған доллар төлеуге дайын. Өйткені финалдық матчты ғана кей жылдары 1,5 миллиардтан астам адам тамашалайды.
Қазіргі спорт индустриясында көрерменнің назары ақшаға айналады. Сол себепті телетрансляция құқығы ФИФА табысының негізгі көзіне айналып отыр. Оған қоса әлем чемпионаты кезінде жарнамалық келісімдердің құны бірнеше есе өседі. Себебі әлемдегі ең үлкен аудитория дәл осы турнир кезінде жиналады.
Футболды кім қаржыландырады?
Бүгінде ФИФА-ның серіктестері қатарында әлемдегі ең ірі компаниялар бар. Солардың бірі – Сауд Арабиясының Saudi Aramco мұнай компаниясы. Сарапшылардың мәліметінше, компания ұйымға жыл сайын шамамен 100 миллион доллар төлейді. Ал Adidas, Coca-Cola, Visa, Hyundai және Kia секілді брендтер ФИФА-ға жылына 80-120 миллион доллар аралығында табыс әкеледі. Неге? Өйткені әлем чемпионаты кезінде олардың атауы миллиардтаған адамның көзіне түседі. Бір айлық турнир барысында брендтердің жарнамалық әсері кей жағдайда жыл бойғы маркетингтік науқаннан асып түседі.
Сондықтан бүгінде футболшылар ғана емес, маркетологтар да әлем чемпионатын тағатсыздана күтеді.

Ұтылсаң да ұтасың
Футболшылар кубок үшін ойнағанымен, әлем чемпионатына қатысудың өзі үлкен табыс әкеледі. ФИФА 2026 жылғы мундиальдің жүлде қорын 871 миллион долларға дейін ұлғайтты. Бұл – әлем чемпионаттары тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Ең төменгі кепілдендірілген төлемнің өзі 12,5 миллион долларды құрайды. Қазақ ақшасына шаққанда шамамен 5,9 миллиард теңге. Яғни топтық кезеңнен аса алмаған құраманың өзі бірнеше миллиард теңге алып қайтады.
Бұдан бөлек, дайындық жұмыстарына бөлінетін қаржы 2,5 миллион долларға дейін ұлғайған. Іріктеу кезеңіне арналған төлемдер де көбейтілді. ФИФА мұны құрамалардың шығыны артып жатқанымен түсіндіреді. Себебі қазіргі әлем чемпионатына қатысу бұрынғыдан әлдеқайда қымбат. Логистика, қауіпсіздік, орналастыру және ұйымдастыру шығындары жыл сайын өсіп келеді.
Үш мемлекет, үш ашылу салтанаты
2026 жылғы турнирдің тағы бір ерекшелігі – ашылу рәсімінің бірден үш елде өтуі. Алғашқы салтанат Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионында ұйымдастырылады. Кейін Канададағы Торонто қаласында жалғасады. Ал үшінші ашылу рәсімі АҚШ-тағы Лос-Анджелесте өтеді. Футбол тарихында мұндай формат бұрын болған емес.
Жалпы жарыс Солтүстік Американың 16 қаласында ұйымдастырылады. Матчтардың басым бөлігі АҚШ аумағында өтсе, Канада мен Мексика да маңызды ойындарды қабылдайды. ФИФА мұны әлем чемпионаты тарихындағы ең ауқымды географиялық қамту деп бағалап отыр.
Футболдың артындағы саясат
Әлем чемпионаты қанша жерден мереке саналса да, оның айналасында саясат та жүреді. Биылғы турнир қарсаңында бірнеше елдің футболшылары, төрешілері мен делегация мүшелері АҚШ визасын алу кезінде қиындықтарға тап болды. Мәселен, Африканың беделді төрешілерінің бірі саналатын сомалилік Омар Артан дипломатиялық төлқұжаты бола тұра АҚШ аумағына кіре алмаған.
Сондай-ақ Иран құрамасының бірқатар қызметкеріне америкалық виза берілмеген. Соның салдарынан команда дайындық жұмыстарын Мексикада өткізуге мәжбүр болған. Бұл жағдай қазіргі әлем чемпионатының спорттық жарыс қана емес, халықаралық саясатпен де тығыз байланысты жаһандық жобаға айналғанын көрсетті.
Доптың соңында жүрген ақша
Бүгінде әлем чемпионаты туралы сөз болғанда, көпшілік көз алдына Месси, Мбаппе немесе басқа жұлдыздарды елестетеді. Бірақ олардың артында жүздеген компания, мыңдаған келісімшарт және миллиардтаған доллар тұр. Футбол әлі де халық сүйетін ойын болып қала береді. Алайда қазіргі мундиальға қарап отырып бір нәрсені анық байқауға болады. Әлем чемпионаты бұрынғыдай тек спорт мерекесі емес. Ол әлемдік экономиканың, жарнаманың, туризмнің және бизнестің тоғысқан нүктесіне айналды.
Сондықтан алдағы бір айда жанкүйерлер доптың соңынан жүгірген футболшыларды тамашалайды. Ал ФИФА болса сол доптың соңынан ерген миллиардтарды санайтын болады.