Қазір көп адам ChatGPT-ті тек ақпарат іздейтін құрал емес, жан сырын ақтаруға, кеңес сұрауға болатын дос сияқты қабылдай бастады. Осы үрдіс қауіпті болуы мүмкін, деп жазады Ozgeris.info.
Біреулер оған өміріндегі қиын сәттерін айтып, ішін босатады. Біреулер жұмысқа қатысты, тіпті заң аясында күмән тудыратын дүниелер жайлы сұрайды. Бірақ бір маңызды нәрсені көп адам білмейді. ChatGPT-пен жазысқан әңгімелер заң жүзінде құпия болып саналмайды.
OpenAI бас директоры Сэм Альтманның айтуынша, жасанды интеллектпен сөйлескеніңіздің жазбасы қажет болған жағдайда сотта дәлел ретінде қолданылуы мүмкін. Ол мұны үлкен қауіп деп санайды.
«Адамдар ChatGPT-пен әңгімелескенде өзін қауіпсіз сезінеді, ашылады, шынайы сырын айтады. Бірақ олардың бұл жазбалар заңмен қорғалады деген сенімі қате түсінік. Бұл дәрігермен, заңгермен немесе дін қызметкерімен сөйлесу емес. Мұндай әңгімелер құпия саналмайды», деді Альтман.
Оның айтуынша, жасанды интеллектпен сөйлесу кезінде адамның жеке өмірі туралы өте нәзік, кейде сезімтал ақпараттар қозғалады. Ал мұндай деректердің сақталуы немесе кімнің қолына түсуі мүмкін екені қазіргі кезде заңмен нақты реттелмеген.
«Бізге жаңа, түсінікті заңдар керек. Адамдардың ИИ-мен сөйлескен кезде де қандай да бір құқықтық қорғанысы болуы қажет. Қазір бәрі цифрлануда, адамдардың өмірі бақылауға алынып барады. Бірақ бұл үрдістің қандай салдары болуы мүмкін екенін бәрі бірдей түсіне бермейді», деп қосты Альтман.
Бұл не деген сөз? Егер сіз ChatGPT арқылы біреуді жамандап, агрессия көрсетіп, заң бұзатын ұсыныс айтып қойсаңыз, сол жазбалар кейін сізге қарсы дәлел ретінде қолданылуы мүмкін. Мұны OpenAI басшысы ашық айтып отыр.