🌐 Әлем

ChatGPT-дегі чатыңыз жұртқа көрініп қалуы мүмкін

Кейінгі күндері интернет қолданушылары Google іздеу жүйесінен өзге адамдардың ChatGPT-мен жазысқан диалогтарын тауып алып, таңданысын жасырмады, деп жазады Ozgeris.info.

Бұл жағдай желіде кең талқыланып жатыр. Іздеу жолағына «site:chatgpt.com/share» деп жазсаңыз, біреудің сұрақ-жауабы, тіпті кей жағдайда жеке сипаты бар әңгімелері де шығып кетуі мүмкін.

OpenAI бұл мәселеге қатысты түсініктеме беріп, мұның уақытша эксперимент екенін хабарлады. Компания «жария чатпен бөлісу» функциясын сынақ ретінде қосқан. Егер қолданушы диалогты бөлісу сілтемесі арқылы таратса, сол сәтте бұл чат іздеуге қолжетімді күйге ауысып, Google сынды іздеу жүйелерінің индекстеп алуына мүмкіндік туған.

Әдетте ChatGPT чаттары жабық күйде сақталады әрі сырт көзге қолжетімсіз. Алайда сілтеме арқылы бөлісу қолданушының жеке шешімі. Сол себепті OpenAI бұл жағдайға тікелей жауапты емес екенін меңзейді. Десе де компания туындаған мәселені шешуге кіріскенін және қазіргі уақытта Google іздеу жүйесінен бұл сілтемелерді алып тастау жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, бұл оқиға цифрлық қауіпсіздік пен құпиялық мәдениетінің әлі де әлсіз тұстары бар екенін көрсетті. Көпшілік енді ChatGPT-дегі кез келген чат сілтемесін бөліспес бұрын, оның мазмұнын қайта қарап, жеке деректерді кездейсоқ жариялап қоймауға мұқият болуға шақырылды.

Барлық жаңалық