Жаңалықтар

«Бұл – туған еліме жасалған өтеусіз сый»: KNUS мемлекет меншігіне өтеді

«Бұл – туған еліме жасалған өтеусіз сый»: KNUS мемлекет меншігіне өтеді

Бес жыл бұрын бір адамның идеясынан басталған Қазақ ұлттық спорт университеті (KNUS) бүгінде бес мыңға жуық студент білім алатын оқу орнына айналды. Университеттің негізін қалаушы Нұрасыл Медеу осы уақыт ішінде өз қаражатын, күш-жігері мен уақытын жұмсап, оқу орнын тұжырымдамадан бастап толыққанды университет деңгейіне дейін жеткізгенін айтты. Енді ол бес жыл бойы қалыптастырған университетін мемлекетке өтеусіз бермек, деп жазады Ozgeris.info сайты. 

Бүгін KNUS-та оқу орны тарихындағы жаңа кезеңге арналған салтанатты жиын өтті. Шарада Нұрасыл Медеу университетті мемлекетке өтеусіз беру туралы шешімін ресми түрде жариялады.

Салтанатты жиында университеттің бес жылда қалыптасып, даму жолы қорытындыланды. 2021 жылы небәрі 150 студенті бар Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы ретінде ашылған оқу орны бүгінде бес мыңға жуық студент оқитын университетке айналды.

«2021 жылы Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясын ашқан кезде Қазақстанда әлемдік деңгейдегі спорт университетін құруды армандадым. Жастар өз қабілеттерін шыңдап, халықаралық талаптарға сай сапалы білім алып, ғылыммен айналысып, үлкен спортта жетістіктерге жете алатын білім ордасын қалыптастырғым келді», – деді Нұрасыл Медеу.

Бес жыл ішінде KNUS білім беру мен ғылымды ұштастырған экожүйесін қалыптастырып, жаңа бағдарламаларды іске қосты және бірқатар халықаралық жобаны жүзеге асырды.

Университеттің маңызды жетістіктерінің қатарында Халықаралық киберспорт федерациясымен бірлесіп ашылған киберспорт зертханасы, Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігінің қатысуымен құрылған Sport Media Lab зертханасы, RITA халықаралық жобасы аясында ашылған Құтқару спорты орталығы бар. Сондай-ақ Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен (WADA) ынтымақтастық негізінде Орталық Азияның білім беру хабы құрылды.

Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлесіп Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығы ашылды. Венгрияның Спорт және ғылым университетімен ынтымақтастық аясында спорттағы озық тәжірибе мен тұрақты даму орталығы құрылды. Ал БҰҰ-ның Әйелдер құрылымының (UN Women) қолдауымен Women in Sport Kazakhstan жобасы жүзеге асырылып жатыр.

KNUS халықаралық академиялық ұтқырлықты кеңейтуге де басымдық береді. Университет шетелдік жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру жөнінде келісімдер жасады. Eclore Business School-мен ынтымақтастық аясында алғашқы 20 магистрант қос диплом иегері атанды. Қазір Швеция, Корея Республикасы, Италия және Польша университеттерімен осындай бағдарламаларды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.

Университет сапалы білімнің қолжетімді болуына да мән береді. Нұрасыл Медеу тағайындаған Life Chance Grant және Merit Grant гранттары талантты жастарға, әсіресе шалғай ауылдардан шыққан талапкерлерге, білім алып, мүмкіндігін толық жүзеге асыруға жол ашып отыр.

Merit Grant оқу ақысының толық құнын өтейді. Ал Life Chance Grant оқу ақысымен қатар, ай сайынғы шәкіртақыны, тәлімгерлік қолдауды, жатақханада тұруды және шетелде білім алуды қаржыландыру мүмкіндігін қамтиды.

Университет студенттерінің жетістігі де осы жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Нұрасыл Медеудің айтуынша, 2026 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғаған KNUS-тің 17 студентінің 14-і жүлдегер атанған.

«Университет дегеніміз – ғимарат пен қабырғалар ғана емес. Оның басты байлығы – білікті оқытушылар құрамы, бірегей білім беру бағдарламалары, дұрыс ұйымдастырылған оқу үдерісі және жүйелі тәрбие жұмысы», – деді ол.

Нұрасыл Медеу университетті мемлекетке өтеусіз беру туралы шешімін оқу орны құрылған сәттен бастап ойластырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл – бір реттік қаржылай көмек емес, білім беру мекемесін құрып, оны ел игілігіне беру арқылы қоғамның дамуына ұзақ мерзімді үлес қосу.

«Кез келген алыпқашпа әңгімеге нүкте қойғым келеді. Бұл – сату да емес, сенімгерлік басқаруға беру де емес, мәжбүрлі түрде жасалған қадам да емес. Бұл – туған еліме жасалған өтеусіз сый», – деді KNUS негізін қалаушы.

Ол қазіргі студенттер алдындағы барлық міндеттеме, соның ішінде бұрын тағайындалған құрылтайшы гранттары бойынша міндеттемелер де толық орындалатынын атап өтті. Оның айтуынша, студенттердің оқу мерзімі аяқталғанға дейін гранттарын қаржыландыруға қажетті қаражат университеттің есепшотына орналастырылған. Тиісті міндеттемелер заң жүзінде де бекітіледі.

«Қазақстанның болашағына осындай үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе. Біз құрғанның барлығы жастарға, отандық спортқа және елімізге қызмет етуі керек», – деді Нұрасыл Медеу.

Сөз соңында ол университетті үлкен сапарға дайын тұрған кемеге теңеп, оның болашағына сенім білдірді.

«Бүгін мен осы кемені мақтанышпен үлкен сапарға шығарып саламын. Алда жаңа жаңалықтар, студенттердің жаңа буындары және халықаралық аренада Қазақстанның туын биікте желбірететін жаңа жетістіктер күтіп тұр!» – деді ол.

Салтанатты жиында университеттің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан оқытушылар мен қызметкерлерге Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Құрылтайшы гранттарының иегері атанған студенттерге сертификаттар берілді. Мерекелік бағдарлама KNUS студенттерінің ұлттық нақыштағы биімен толықты.

Университетті мемлекетке өтеусіз беру – оқу орнының дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы. Бұл қадам білікті мамандар даярлау, спорт ғылымын өркендету және Қазақстанның халықаралық спорт кеңістігіндегі беделін нығайту бағытындағы жұмысты жалғастыруға негіз болады.

 

Барлық жаңалық