✅ Пайдалы

Бүгін – соңғы күн. Ертеңнен бастап зейнетақыға қатысты талап өзгереді

Бүгін – соңғы күн. Ертеңнен бастап зейнетақыға қатысты талап өзгереді

Зейнетақы қорындағы жинақты баспанаға немесе емделуге пайдалануды жоспарлап жүрген отандастарымызға асығуға тура келеді. Өйткені 5 маусымнан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеткілікті шекті есептеу тәртібі өзгереді. Соған байланысты бүгін – ескі талаппен өтінім беруге болатын соңғы күн, деп жазады Ozgeris.info.

«Отбасы банкінің» мәліметінше, жеткілікті шектен асатын қаражатын қазіргі тәртіппен пайдаланғысы келетін азаматтар өтінімді 4 маусымның соңына дейін enpf-otbasy.kz платформасы арқылы жолдауы қажет. Ал 5 маусымнан кейін түскен барлық өтінім жаңа талаптар негізінде қаралады.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жинақты тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге пайдалану мүмкіндігі сақталатынын айтқан болатын. Дегенмен министр зейнетақы жүйесінің басты мақсаты азаматтарды қартайғанда табыссыз қалдырмау екенін де еске салды.

Зейнетақыдағы артық ақшаны неге жұмсауға болады?

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, зейнетақы қорындағы қаражатты қолма-қол шешіп алып, қалаған мақсатқа жұмсауға болмайды. Ол тек нақты бағыттарға ғана пайдаланылады. Атап айтқанда, жинақтың бір бөлігін жаңа немесе қайталама нарықтан баспана сатып алуға, жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімін алуға жұмсауға болады.

Сонымен қатар кез келген банктегі ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге немесе қолданыстағы тұрғын үй несиесін толық әрі ішінара жабуға рұқсат етілген. Азаматтар қаражатты «Отбасы банкіндегі» тұрғын үй жинақ депозитіне аударып, кейін баспана алуға да пайдалана алады.

Тағы бір мүмкіндік – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі өтемейтін қымбат медициналық қызметтер мен ем-дом ақысын төлеу. Бұдан бөлек, жинақтың бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына беруге болады.

Жаңа жеткілікті шек қалай есептеледі?

5 маусымнан бастап жеткілікті шек жаңа әдістеме арқылы айқындалады. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет азаматтың болашақтағы зейнетақы қажеттілігін алдын ала есептеп, шотында қандай көлемде қаражат қалуға тиіс екенін анықтайды.

Есептеу барысында азаматтың қазіргі жасы, зейнетке шығуына дейін қалған уақыт, орташа өмір сүру ұзақтығы, ең төменгі зейнетақы мөлшері, алдағы жарналар көлемі мен инвестициялық табыс секілді факторлар ескеріледі Әзірге жаңа жеткілікті шектің нақты мөлшері ресми түрде жарияланған жоқ.

Picture background

Неліктен зейнетақы жинағы кейде азайып кетеді?

Соңғы уақытта көптеген қазақстандық БЖЗҚ шотындағы қаражат көлемінің азайғанын байқап жүр. Бұл жағдай кей азаматтарды алаңдатып та үлгерді. Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Әйгерім Ілиясованың айтуынша, бұған бірнеше фактор әсер етеді Ең алдымен, зейнетақы қаражаты қорда жай ғана сақталмайды. Ол түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады. Сондықтан нарықтағы жағдайға байланысты жинақ көлемі кейде өсіп, кейде төмендеп отырады Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, тек наурыз айының өзінде инвестициялық табыс көлемі шамамен 240 миллиард теңгеге азайған Сарапшы мұның басты себептерінің бірі валюта бағамы екенін айтады Қазір зейнетақы активтерінің шамамен 40 пайызы шетел валютасындағы құралдарға салынған. Теңге әлсіреген кезде олардың құны теңгемен есептегенде өседі. Ал ұлттық валюта нығайғанда керісінше төмендейді.

«Мысалы, 2025 жылдың қазанында 1 миллион доллар шамамен 549 миллион теңге болса, 2026 жылдың сәуірінде бұл көрсеткіш 460 миллион теңге шамасында болды. Сондықтан теңге күшейген кезде валюталық активтердің теңгемен есептелген құны азаяды», дейді Әйгерім Ілиясова.

Тағы бір маңызды фактор – әлемдік қор нарықтарының жағдайы. Акциялардың бағасы геосаяси ахуалға, экономикалық болжамдарға және нарықтағы жалпы көңіл күйге байланысты өзгеріп отырады. Сонымен қатар инвестициялық стратегияның да ықпалы бар. Ұлттық банк әдетте тәуекелі төмен саясат ұстанса, жекелеген инвестициялық компаниялар жоғары табыс табу мақсатында тәуекелі көбірек құралдарды таңдауы мүмкін.

Жинақтың азаюы ақшаның жоғалғанын білдіре ме?

Сарапшылардың айтуынша, қысқа мерзімді ауытқулар инвестициялық үдерістің қалыпты бөлігі саналады. Бұл қаражаттың жоғалғанын немесе нақты шығын болғанын білдірмейді. Зейнетақы активтері ұзақ мерзімге инвестицияланатындықтан, олардың құны уақыт өте өзгеріп тұрады. Оның үстіне мемлекет инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді. Сондықтан мамандар азаматтарға зейнетақы шотындағы өзгерістерді қысқа мерзім емес, ұзақ мерзімді нәтижелер тұрғысынан бағалауға кеңес береді.

 

Барлық жаңалық