Желіде танымал блогер Әділетхан Молдаханға қатысты тараған қауесетке Алматы прокуратурасы нүкте қойып, жағдайдың мән-жайын ашып айтты. Түрксіб ауданы прокуратурасының бөлім басшысы Дидар Қабаевтың мәлімдеуінше, бұл істің тамыры 2021 жылы орын алған қылмыстық оқиғаға барып тіреледі. Сол тұста Алматыдан баспана сатып алуды көздеген азамат 1,5 миллион теңге көлеміндегі алдын ала төлем ақшасын өзімен бірге алып келген деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Қомақты қаржының барын білген жәбірленушінің танысы Әділетхан Молдаханмен сөз байласып, арам пиғылды іске асыруды жоспарлайды. Олар жол бойында торуылдап тұрып, қолдан жол-көлік оқиғасын ұйымдастырған. Артынша, ашықтан-ашық күш көрсету арқылы жәбірленушінің ақшасын тартып алып, оқиға орнынан тайып тұрған. Көп ұзамай күдіктілер құрықталып, тергеу кезінде өз кінәларын толықтай мойындап, жәбірленушіге келтірілген шығынды толық өтеп берді.
Іс қысқартылған тәртіппен қаралып, сот Әділетхан Молдахан мен оның сыбайластарын кінәлі деп тапты. Сот үкімімен олардың әрқайсысына үш жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді. Бұл шешімге ешқандай шағым түспегендіктен, ол заңды күшіне енген. Прокуратура өкілдері блогердің дәл осы алдын ала жоспарланған тонау әрекеті үшін сотты болғанын нақтылады.
Естеріңізге сала кетсек, жуырда ғана Әділетхан Молдахан жалған ақпарат таратты деген күдікке ілініп, он тәулікке қамауға алынған еді. Осы оқиғадан кейін оның туыстары Мемлекет басшысына, Бас прокуратура мен Ішкі істер органдарына үндеу жолдап, істің әділ жүргізілуін талап еткен болатын.