✅ Пайдалы

Биыл Ұлттық қор балаларға қаржы бермек?

Биыл Ұлттық қор балаларға қаржы бермек?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Жолдауында Ұлттық қор табысының 50% балаларға бағытталатынын айтқан-тын. Осы бастама нақты іске асып, араға 1 жарым жыл салып алғашқы қаржы балалардың жеке шоттарына түсе бастады. Биыл қанша түспек?

2024 жылғы ақпан айында 18 жасқа дейінгі балалардың шотына алғаш рет 100 доллар көлемінде қаражат аударылды. Бұл сома сол жылғы Ұлттық қордың инвестициялық табысына байланысты есептелді. Ал 2025 жылы балалардың шотына 129 доллар түсті.

Биылғы көрсеткіш те белгілі бола бастады. Былтырғы Ұлттық қор табысының нәтижесінде балалардың нысаналы жинақтау шоттарына шамамен 130 доллар көлемінде қаржы түседі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Оның айтуынша, түпкілікті есеп әр баланың нақты санына қарай анықталады.

«Қаулымызға сәйкес, бұл деректерді 1 ақпанда ресми жариялаймыз. Бұл дүниеге жаңа сәбилердің келуіне, кейбір балалардың елден кетіп, азаматтықтан шығуына байланысты есептеледі. Сондықтан Үкіметтегі әріптестерімізбен бірге нақты кімге қаржы аударылатынын анықтаймыз. Алдын ала деректерге қарағанда, сома өткен жылдағы деңгеймен шамалас. Әр балаға шамамен 130 доллардан тиесілі болады», дейді ол.

Ұлттық қордың жалпы жағдайына келсек, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша қордың жиынтық активтері 77,77 млрд долларды құраған. Бұл көрсеткіш қордың инвестициялық қызметінің нәтижесін көрсетеді.

2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Ұлттық қорды басқарудан түскен инвестициялық табыс рекордтық деңгейге жетіп, 6,4 трлн теңге немесе шамамен 12,6 млрд доллар болды. Дәл осы табыс қор активтерінің өсуіне негізгі себеп болды.

Ресми мәліметке сүйенсек, 2025 жылдың басында Ұлттық қордың жалпы активтері 29,85 трлн теңге болған. Есепті кезең ішінде қор қоржыны 3,84 трлн теңгеге толықты. Ал осы аралықта 5,95 трлн теңге жұмсалды. Нәтижесінде қордан алынған қаражат көлемі түсімнен 2,1 трлн теңгеге артық болып шықты.

Ұлттық қор табысы негізінен мұнай секторынан түскен түсімдер, салықтар, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, экспортқа салынатын рента салығы және жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемдері есебінен қалыптасқан. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылған 2 жыл ішінде азаматтар 28 млн доллардан астам қаражатты пайдаланды. Ата-аналар мен жасөспірімдер бұл қаржыны негізінен тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім алуға бағыттаған. Игерілген қаржының 18 млн доллары тұрғын үй мәселесін шешуге жұмсалса, қалған 10 млн доллар білім беру ақысын төлеуге бағытталған.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 2025 жылғы 1 қаңтардағы дерегіне сәйкес, 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап «Ұлттық қордан» түскен қаржыны пайдалану бойынша 31,61 млн АҚШ долларынан астам сома уәкілетті операторларға аударылған. Бұл қаражат кейін 18 жасқа толған азаматтардың жеке банктік шоттарына жіберілген.

Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға 19,69 млн АҚШ долларына 127 445 өтініш орындалған. Ал білім беру ақысын төлеу үшін 11,92 млн АҚШ долларына 78 060 өтініш қанағаттандырылған. Жинақ иесі өз шотындағы қаржыны толық немесе ішінара пайдалануға құқылы. Пайдаланылмаған сома шотта сақталады және болашақта қайта қолдануға болады.

Тұрғын үй бағытында қаражатты пайдаланған азаматтардың басым бөлігі оны тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесіндегі салымдарын толықтыруға жұмсаған. Бұл мақсатта 19,27 млн долларға 124 490 өтініш орындалған. Сонымен қатар ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаны төлеуге 145,39 мың долларға 999 өтініш, азаматтық-құқықтық мәміле арқылы тұрғын үй сатып алуға 108,64 мың долларға 757 өтініш тіркелген.

Білім беру бағыты бойынша да қаражат белсенді пайдаланылып жатыр. Еліміздегі оқу орындарының қызметіне ақы төлеуге 11,03 млн долларға 71 025 өтініш орындалған. Білім беру жинақтау салымдарын толықтыруға 608,47 мың долларға 4 933 өтініш берілген. Ал шетелдік оқу орындарының білім беру қызметтеріне 1 706 өтініш бойынша 228,32 мың доллар жұмсалған.

Өткен жылғы инвестициялық кіріс есебінен жиналған қаржы 18 жасқа дейінгі балалардың шотына 2026 жылдың 1 ақпанынан кешіктірілмей аударылады. Бұл қаражат 2008 жылы туған және 2026 жылы 18 жасқа толатын азаматтардың нысаналы жинақтау шоттарына да түседі.

Айта кетейік, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысты барлық ресми есептер enpf.kz сайтында тұрақты түрде жарияланып отырады. Сондай-ақ kids.enpf.kz сайтында және БЖЗҚ YouTube арнасында бағдарлама шарттары мен нұсқаулықтар қолжетімді.

 

Барлық жаңалық