💰 Экономика

Бірыңғай QR-код қашан толық іске қосылады?

Бірыңғай QR-код қашан толық іске қосылады?

Қазақстандықтар көптен күткен жаңалықтың нақты мерзімі белгілі болды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, 19 шілдеден бастап елде банкаралық QR-төлемдердің бірыңғай жүйесі іске қосылады. Бұл дегеніміз – азаматтар кез келген банктің қосымшасы арқылы кез келген банктің QR-кодын сканерлеп, төлем жасай алады, деп жазады Ozgeris.info.

Бүгінде көп адамның смартфонында бірнеше банк қосымшасы орнатылған. Дүкендер мен қызмет көрсету орындарында да әртүрлі банктердің терминалдары тұр. Соның салдарынан кейде клиенттің қосымшасы мен сатушының терминалы сәйкес келмей, төлем жасау қиындайды. Жаңа жүйе осы мәселені шешуге бағытталған.

Сенаттың жалпы отырысында сөйлеген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұндай жүйені іске қосу оңай болмағанын атап өтті.

«Биыл 19 шілдеден бастап банкаралық QR-төлемдердің бірыңғай жүйесі іске қосылады. Парламенттің қолдауының арқасында биылғы 1 мамырдан бастап экономиканың жаңа бағытын дамытуға қажетті құқықтық негіз қалыптастырылды», деді ол.

Ұлттық банк бұл жобаны бірнеше жылдан бері дайындап келеді. Бұған дейін реттеуші орган бірыңғай QR-код жүйесі 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай толық іске қосылады деп жоспарлаған еді. Алайда банктердің ақпараттық жүйелерін біріктіру мен қауіпсіздік мәселелерін шешу қосымша уақытты талап етті.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, басты міндет әр банктің өз ішінде құрған инфрақұрылымын қауіпсіз түрде бір жүйеге біріктіру болған.

«Үдерісті жан-жақты зерттедік. Бұл жұмыспен өз мамандарымыз айналысып жатыр. Банктер өз экожүйелерінде QR-төлемдерге арналған технологиялар мен қауіпсіздік құралдарына қомақты инвестиция салды. Енді осы жүйелерді өзара қауіпсіз түрде ықпалдастырып, бір-біріне қолжетімді ету қажет болды», деген еді Ұлттық банк басшысы.

Шын мәнінде бірыңғай QR жүйесінің алғашқы кезеңі өткен жылы іске қосылған болатын. 2025 жылғы 13 қарашадан бастап дүкендер мен түрлі қызмет көрсету орындарында банкаралық QR арқылы төлем жасау мүмкіндігі енгізілді. Енді жоба толыққанды жұмыс режиміне көшпек.

Шетелде де QR арқылы төлеуге мүмкіндік туады

Ұлттық банк бірыңғай QR-кодты Қазақстан аумағымен ғана шектемек емес. Реттеуші орган қазақстандықтардың шетелде де өз банк қосымшалары арқылы QR төлем жасау мүмкіндігін енгізуге кірісті.

Бұл туралы қараша айында Қаржыгерлер конгресі аясында Бинур Жәленов мәлімдеген еді. Оның айтуынша, алдымен барлық отандық банктер бірыңғай жүйеге толық қосылуы қажет. Осыдан кейін халықаралық интеграция кезеңі басталады.

«Келесі жылы барлық банктер жүйеге толық қосылып, сервис тұрақты жұмыс істеген кезде, халықаралық төлем механизмдерін реттеуге кірісеміз. Біздің QR басқа елдердің қосымшаларында да оқылуы немесе олардың QR-лары бізде танылуы үшін Орталық Азия елдерімен, Түркиямен және Біріккен Араб Әмірліктерімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Алғашқы пилоттық жобалар келесі жылдың екінші жартысында басталады», деді Б.Жәленов.

Мұндай жүйе іске қосылса, қазақстандық туристер немесе іссапармен жүрген азаматтар шетелдегі дүкендерде өздерінің банк қосымшасы арқылы төлем жасай алады. Ұқсас тәжірибе қазірдің өзінде Қытайда кеңінен қолданылады.

«Мысалы, Қытайда олардың терминалдарын өзіңнің қосымшаңмен оқи аласың және керісінше. Сол тәжірибені Қырғызстан, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері бағытында да қолдану жоспарланып отыр», деп түсіндірді Ұлттық банк өкілі.

Қандай банктер қосылды?

Қазір бірыңғай QR жүйесіне бірнеше ірі банк толық қосылған. Бинур Жәленовтің айтуынша, Halyk Bank, Bank CenterCredit, Home Credit Bank, Freedom Bank, Bank RBK және Altyn Bank толық режимде жұмыс істеп тұр. Қалған қаржы ұйымдары жүйеге кезең-кезеңімен қосылып жатыр.

«Біз барлық банктерді бір жүйеге біріктірдік. Енді кез келген терминалды кез келген банк қосымшасы арқылы төлеуге болады. Бұл азаматтарға да ыңғайлы, қаржы нарығында бәсекені де күшейтеді. Қазір Halyk, BCC, Home Credit, Freedom, RBK және Altyn Bank толық режимде жұмыс істеп тұр. Басқа банктер қосылу процесінде. Kaspi де жүйеге кіруге ниет білдірді, техникалық интеграцияға бірнеше ай қажет», деді ол.

Сонымен қатар телефон нөмірі арқылы банкаралық ақша аудару сервисі де кеңейіп келеді. Қазір оған тоғыз банк қосылған. Ұлттық банк алдағы уақытта барлық банктің осы жүйеге қосылуын жоспарлап отыр.

 

Барлық жаңалық