Қарызға белшесінен батқан азаматтар үшін жағымды жаңалық. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) енді бірнеше проблемалық несиені біріктіріп төлеуге мүмкіндік беретін жаңа ережелер әзірлеп отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Жаңа тәртіпке сай, егер адамның екі және одан көп несиесі бар болып, оның ішінде микрокредиттер бойынша 90 күннен, ал банктік қарыздар бойынша 180 күннен асқан берешегі болса және бұл несиелердің ешқайсысы кепілмен қамтамасыз етілмеген болса – қарыздарды біріктіріп, ортақ келісіммен төлеуге өтініш бере алады.
Бұл процедура «ұжымдық реттеу» деп аталады. Яғни, қарыз алушы барлық кредиторлармен келісіп, жаңа төлем кестесін жасап алады. Үдерісте банктік немесе микрофинанстық омбудсмен көмектеседі. Кейбір жағдайларда екеуі бірдей араласуы мүмкін. Ең бастысы, барлық кредиторлар бұл шартқа келісуі керек.
Бірақ бір шарт бар: қарыздың жалпы сомасы 1600 АЕК-тен (шамамен 6,3 миллион теңге) аспауы тиіс. Ал банктер өз тарапынан кешірімділік танытып, айыппұл мен өсімпұлдың бәрін кешіруі қажет. Ұжымдық реттеу барысында төлемдерді алты айға дейін шегере тұруға да рұқсат беріледі.
Өзгерістер қазіргі таңда қоғам талқылауына шығарылып отыр. Ұсыныстар мен пікірлер 20 маусымға дейін қабылданады.
Айта кетейік, елімізде соңғы төрт айда проблемалық несиелердің көлемі үздіксіз өсіп келеді. 2024 жылдың соңғы дерегіне сәйкес, банктердің «нашар» портфелі 1,26 трлн теңгеге жеткен.
Ал бұған дейін Сенатта қаржы нарығына қатысты жаңа заң жобасы қаралып, алаяқтар арқылы алынған несиелерді сотқа дейін есептен шығару тетігі ұсынылған еді. Құжат Мәжіліске қайта жолданды.