Жаңалықтар

Біріккен Араб Әмірліктеріне көшетін отандастарымыз үшін жағымды жаңалық шықты

Біріккен Араб Әмірліктеріне көшетін отандастарымыз үшін жағымды жаңалық шықты

Біріккен Араб Әмірліктері қазақстандық жүргізуші куәлігін ресми мойындады. Енді шетелде уақытша жүрген отандастарымыз жергілікті заңнама шеңберінде өз құжатын емін-еркін пайдалана алады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Аталған келісімге ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің Әмірліктерге жұмыс сапары барысында қол қойылған. Жаңа ереже екі мемлекет азаматтарының өмірін айтарлықтай жеңілдетеді.

Егер қазақстандық азамат тұрақты өмір сүруге көшетін болса куәлікті ауыстыру тәртібі өте қарапайым өтеді. Адамдар ешқандай теориялық немесе практикалық емтихан тапсырмайды. Бұл жеңілдік Қазақстанға тұimiрақты тұруға көшіп келетін Әмірліктердің тұрғындарына да дәл солай қолданылады.

Жеңілдетілген жүйе тек жеңіл көліктерді білдіретін "В" санатына және трициклдер мен квадроциклдерге арналған "В1" санатына ғана жарамды. Басқа санаттағы құжаттарды ауыстыру қабылдаушы елдің жалпы ережелеріне сай жүзеге асырылады.

Құжатты алмастыру үшін бірнеше нақты талап бекітілген. Жүргізушінің жарамды ұлттық куәлігі мен тұруға ықтиярхаты болуы міндетті. Оған қоса арнайы медициналық тексеруден өту сұралады. Куәліктің ресми аудармасы да қажет болады. Бұл құжат Әмірліктерде араб тіліне, ал біздің елде қазақ немесе орыс тіліне аударылуы тиіс.

Барлық рәсім аяқталған соң бастапқы құжат иесінің өзінде сақталады. Қос мемлекеттің құзыретті органдары тек алмасу фактісі туралы бір-біріне хабарлама жібереді.

Ішкі істер министрлігі шетелде жүрген азаматтарға маңызды ескерту жасады. Отандастарымыз барған елінің заңдарын бұлжытпай сақтап, жергілікті дәстүрлер мен мәдениетке құрметпен қарауы қажет. Әрбір азаматтың жат елдегі мінез-құлқы шетелдіктердің бүкіл Қазақстан туралы көзқарасын қалыптастырады.

Барлық жаңалық